Брюссельдегі ICHEC менеджмент мектебінде Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық перспективалары таныстырылды

Брюссельдегі ICHEC менеджмент мектебінде Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық перспективалары таныстырылды

Брюссель, 2024 жылғы 15 мамыр – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан ICHEC Брюссель менеджмент мектебінде өткен жаһандық көшбасшылық жөніндегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың келешегімен таныстырды. Іс-шараға дипломатиялық топтар өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам, сондай-ақ университет студенттері қатысты.

Өзінің презентациясында М.Баймұхан Қазақстан мен Орталық Азияның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы айтты. Қазақстандық дипломат қатысушылардың назарын Орталық Азия мен ЕО арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды тереңдетуге аударды, сондай-ақ Қазақстан өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі қолдауға баса назар аударатынын атап өтті.

Осы тұрғыда, М.Баймұхан Орталық Азия және Еуропа институттарының Орта көлік дәлізін дамыту, маңызды шикізатты жеткізу, жасыл энергия өндіру бойынша бірлескен жұмысы туралы айтты.

ICHEC Брюссель менеджмент мектебінің өкілі, профессор Сед Саад Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың одан әрі дамуына, сондай-ақ өңірлердегі университеттер арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарының одан әрі тереңдетілуіне үміт білдірді.

Іс-шараға сондай-ақ Сауд Арабиясының, Сербияның және т.б. дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысты.

Анықтама: ICHEC Брюссель менеджмент мектебі 1954 жылы құрылған. Университетте әлемнің 60 елінен 3 мыңға жуық студент білім алуда. 300-ге жуық университет оқытушылары бизнесті басқару, менеджмент, қаржы және т.б. салалар бойынша бакалаврлар мен магистрлерді дайындайды.