Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері ЕО-мен өңіраралық ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде Бельгияда оқуға кірісті

Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері ЕО-мен өңіраралық ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде Бельгияда оқуға кірісті

Брюгге, 2024 жылғы 13 мамыр – қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің бірінші тобы Еуропалық Одақпен өзара іс-қимыл жасайтын Орталық Азия елдерінің дипломаттары мен ресми тұлғаларына арналған тренингтер шеңберінде кәсіби дайындық курстарын бастады.

Еуропалық істер саласында кадрлар даярлау жөніндегі жетекші институт, «College of Europe» қабырғасында ұйымдастырылған оқыту сыртқы саясат, сауда, климаттық және көлік саясатымен, ЕО салалық стандарттарымен танысуды, келіссөздер процестерін модельдеуді, сондай-ақ Еуропалық шенеуніктермен кездесулерді қамтиды.

Қазақстан тарапынан ҚР Президенті Әкімшілігінің, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің қызметкерлері тренингке қатысады.

Тренингке қатысушыларды инаугурациялық кездесуде қарсы ала отырып, колледж ректоры, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі бұрынғы Жоғарғы өкілі / Еуропалық Комиссияның бұрынғы Вице-президенті Федерика Могерини Орталық Азия мен ЕО мемлекеттері арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастыққа мүдделіліктің ерекше рөлін атап өтіп, өңіраралық серіктестіктің болашағы туралы көзқарасымен бөлісті. Ол Колледж жанындағы тренингтер ынтымақтастық бағыттарына сәйкес кеңейіп және бейімделе отырып, өзара іс-қимылдың тұрақты бағытына айналады деп болжады.

Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс серіктестігі, Орталық Азия, өңірлік ынтымақтастық және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девинь өңіраралық ынтымақтастықтың кеңеюін құптап, қайта даярлау курстары серпінді ынтымақтастықтың қажеттіліктеріне жауап беретінін атап өтті.

Өз кезегінде, Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан бастаманы бірлесіп ілгерілеткені үшін тараптарға алғысын білдіріп, қатысушыларды танымал оқу орнына іріктеуден өтуімен құттықтады. Қазақстандық дипломаттың айтуынша, терең өңіраралық ынтымақтастықтың табысы салалық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуы мен дайындығына тығыз байланысты, ал Брюггедегі тренингтер біздің ЕО-мен қарым-қатынасымыздың серпініне оң әсерін тигізеді.

Ол қатысушылардың назарын азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өңір кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға және Орталық Азия үшін өзара тиімді серіктестіктердің географиясын кеңейтуге қабілетті ЕО-мен салалық өзара іс-қимылдың үлкен әлеуетіне аударды.

Білім беру бастамасы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельдің 2023 жылғы 2 шілдеде Шолпан-Атадағы кездесулері барысында қол жеткізілген жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтардың бір бөлігі болып табылады және ЕО мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайту жөніндегі Жол картасының мақсаттарына сәйкес келеді.

Анықтама: 1948 жылы Брюггеде (Бельгия) құрылған «Еуропа колледжі» еуропалық қатынастар саласында мамандар дайындайды. Мұнда 50-ден астам елдің студенттері Еуропалық құқық, Еуропалық экономикалық және саяси зерттеулер бойынша магистр дәрежесін алады. Колледж еуропалық институттар үшін кадрларды даярлаудың негізгі орталығы болып табылады және Еуропалық Одақтың саяси элитасының «оксбриджі» деп аталатын альма-матер деп танылады.