Брюссель, 2024 жылғы 25 сәуір – Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің көмегімен, «Qazaq Society» студенттік қоғамдастығы және Бельгияда тұратын қазақстандықтар KU Leuven университетінің брюссельдік кампусында Қазақстан өңірлерінде жаппай су тасқынынан зардап шеккен азаматтар үшін қаражат жинау бойынша қайырымдылық акциясын өтті.
Бельгия астанасының тарихи орталығында өткен жәрмеңкеге келушілер апат болған жерлерден фотосуреттерді көріп, еріктілерден су тасқынының салдары және зардап шеккендерді эвакуациялау және оларға көмек көрсету жұмыстары туралы ақпарат естіді. Туристерге, Брюссель тұрғындарына және жергілікті студенттерге қазақстандық суретшілердің жұмыстары, қолдан жасалған бұйымдар, ұлттық киім аксессуарлары мен отандық шеберлердің әшекейлері, кәдесыйлар, француз тіліндегі қазақ әдебиеті, сондай-ақ ұлттық тағамдар ұсынылды.
Қазақстанның Бельгиядағы құрметті консулы О.Вилокс қайырымдылық жәрмеңкесін зардап шеккен өңірлерді қолдап қана қоймай, қазақстандық мәдениетпен байланыста болу және ұлттық тағамдардың дәмін тату мүмкіндігі ретінде бағалады.
Жәрмеңкеде эко-сөмкелерде салынған өз суреттерін ұсынған Бельгия тұрғыны Мадина Базархан өз үлесін қазақстандықтардың осы қиын кезеңде бір-біріне көрсеткен көмегінің аз ғана бөлігі деп есептейді. «Шетелде жүре біз бұл жәрмеңкені отандастарымызды қолдау үшін шын жүректен өткізудеміз», - дейді ол.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Ардақ Молданиязова отандастардың ұйымға жеке қатысып қана қоймай, жергілікті сатып алушылар арасында ерекше сұранысқа ие болған қолдан жасалған авторлық бұйымдар дайындағанын және іс-шараны өткізудегі ауызбіршілігін ерекше атап өтті.
«Qazaq Society» қоғамдастығының ұйымдастырушылары жыл сайын Бельгия жоғары оқу орындарына түсетін қазақстандық жастардың саны артып келе жатқанын, ал бұл бірлестік студенттерге жаңа ортаға бейімделуге және Отанымен байланыста болуға көмектесетінін ескере отырып, бірлестік аясы алдағы уақытта кеңи түсетінін болжайды.
Бұл Бельгиядағы қазақстандық жастардың зардап шеккен аймақтарға көмек жинау жөніндегі екінші қайырымдылық шарасы. Сәуір айының басында студенттер осы ЖОО қабырғасында Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерімен танысу акциясын өткізді.
Бүгінгі таңда Бельгияда 200-ден астам қазақстандық оқиды, олардың 50-ге жуығы KU Leuven студенті. Жастар құрған «Qazaq Society» қауымдастығы Бельгиядағы отандастарды біріктіруге, университеттік ортада Қазақстан туралы, сондай-ақ еліміздегі мәдени және заманауи трендтер туралы ақпарат таратуға бағытталған.
Бельгияның ең көне университеті болып табылатын KU Leuven «Times Higher Education» рейтингі бойынша әлемнің үздік 50 жоғары оқу орындарының қатарына кіреді және «Thomson Reuters»-ге сәйкес бірнеше рет Еуропаның ең инновациялық университеті атағын алған. Университеттің жаңартылатын энергия көздері және сутегі инженериясы саласындағы зерттеулері жасыл даму саласындағы серпінді нәтижелер ретінде танылды.