
Брюссель, 2024 жылғы 10 сәуір – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгияның «Enabel» даму агенттігінің бас директоры Жан Ван Веттермен кездесті.
Кездесу басында, Ж.Ван Веттер Қазақстандағы су тасқыны жағдайының тезірек тұрақталуына үміт білдірді.
Әңгіме барысында, Қазақстан мен Бельгия арасындағы дамуға ресми көмектің бірлескен бағдарламалары (Official Development Assistance) саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстандық дипломат бельгиялық ұйымды 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, «Enabel»-дің әртүрлі елдердегі дамуға ресми көмек көрсетудегі маңызды рөлін атап өтті.
Сондай-ақ, М.Баймұхан «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қызметі туралы айтты. Орталық Азия мен Африка елдеріндегі «KazAID» жобаларына ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде, «Enabel» басшысы Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, Африка континентін цифрландыруды ілгерілету мақсатында «KazAID» агенттігімен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.
Тараптар ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін «KazAID» өкілдерімен кеңейтілген кездесу өткізуге келісті.
Әңгіме соңында, М.Баймұхан «Enabel»-дің басшысын Қазақстанға шақырды.
Анықтама: Қазіргі уақытта бельгиялық «Enabel» агенттігінде 2,2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, оның 2 мыңы «field» миссияларға қатысады. Агенттік 21 елде 170 жобаны жүзеге асырады. «Enabel»-дің жылдық айналымы 300 млн еуродан асады.