Еуропалық сарапшылар мен бизнес қауымдастық өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің алғашқы жылының нәтижелерін талқылады

Еуропалық сарапшылар мен бизнес қауымдастық өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің алғашқы жылының нәтижелерін талқылады

2020 жылғы 11 маусымда Брюссель қаласында Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінің бастамасымен бейнеконференция форматында «Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің алғашқы жылы: реформалар және қоғамдық сенім» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға еуропалық сарапшылар тобы мен бельгиялық бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты. Негізгі спикерлер ретінде Еуропалық азиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Альберто Тюркстра, «Euractiv» медиа-агенттігінің аға редакторы Георгий Готев және «Jucon» компаниясының президенті Жан де Брабандер сөз сөйледі.

Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан өзінің кіріспе сөзінде К. Тоқаевтың сайлануымен Қазақстанның жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер кезеңімен сәйкес келген дамудың жаңа кезеңіне өткенін атап кетті.

А. Құспан «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «әр түрлі пікірлер – біртұтас ұлт» және «сәтті экономикалық реформалар елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай мүмкін емес», «қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» секілді жаңа ішкі саяси парадигмалар аясында жүзеге асырылып жатқан Қ. Тоқаев президенттігінің басым бағыттары туралы қатысушыларды хабардар етті.

Елші сондай-ақ Президент Қ. Тоқаевтың негізгі міндеті мемлекетке деген сенім мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру болып табылатынын атап өтті. Осы мақсатта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды және жемісті жұмыс істейді.

Дипломат Қазақстанда жұмыс істейтін бельгиялық және люксембургтік компанияларының табысты бизнес жобалары үшін марапатты құру ұсынысымен бөлісті. Ұсыныс бейнеконференция қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

А. Түркстра Қазақстан біртіндеп «алдымен экономика, содан кейін саясат» доктринасынан «әлеуметтік-экономикалық реформалар әлеуметтік-саяси жаңғыртусыз мүмкін емес» деген түсіністікке келе жатқанын атап өтті.

Елдің қоғамдық-саяси өміріндегі оң өзгерістер арасында ол ҰҚСК құрылғанын, сондай-ақ партиялардың құрылу шегін 40-тан 20 мың адамға дейін төмендететін, саяси партиялардың сайлау тізімдеріндегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квотаны беретін саяси партиялар туралы жаңа заңды атап өтті.

«Ақырында, сыртқы саяси тректе деструктивті жаһандық геосаяси жағдайға қарамастан, біз Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасында сабақтастықтың маңызды элементтерін – көпвекторлы, белсенді және теңдестірілген сыртқы саясаттың жетекші қағидаттарын сақтауды, барлық ірі әлемдік державалармен жақсы және теңескен қарым - қатынастарды қолдауды көреміз», - деп атап өтті А. Түркстра.

Г. Готев посткеңестік елдер үшін оң үлгі бола алатын Қазақстандағы биліктің табысты транзитін атап өтті. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының көпұлтты қоғамды нығайтудағы, геосаяси жағдайға сәйкес келетін теңдестірілген мультивекторлы сыртқы саясатты қалыптастырудағы рөлін жоғары бағалады.

Ол Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды халықаралық серіктес ретінде Еуроодақ тарапынан үлкен танымалдыққа лайық екенін атап өтті. Г. Готев ЕО мен Қазақстан арасындағы болашақ қарым-қатынас жөнінде оптимизм білдірді.

«Jucon» компаниясының президенті Ж. Де Брабандер коронавирус пандемиясы мен әлемдік экономиканың рецессиясынан туындаған экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі Президент Қ. Тоқаевтың қабылдаған шешуші шараларына егжей-тегжейлі тоқталды. Кәсіпкер шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдау бойынша қадамдардың уақыттылығын атап өтті.

Ж. Де Брабандер Қазақстан жоғары технологиялық және «жасыл» өндірісті дамытуға үлкен көңіл бөлуі тиіс деп санайды. Ол осы салада Бельгиямен жемісті ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін хабарлады.

Бельгияның сараптамалық және бизнес қауымдастығы К. Тоқаевтың саяси реформаларын, атап айтқанда, Ұлттық қоғамдық сенімнің кеңесін құруды, оппозиция туралы, сайлау және бейбіт жиналыстар туралы заңдарды қабылдауды жоғары бағалады. Бұл – қазақстандық қоғамды демократияландыру жолындағы үлкен қадам.