
Брюссель, 2024 жылғы 22 ақпан – Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінде Еуропалық Одақтың халықты жұмыспен қамту, еңбекті қорғау және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі сараптама орталығы (SOCIEUX+) Қазақстанда 2023 жылы жүзеге асырған жобалары туралы презентация жасады.
SOCIEUX+ ЕО-ның әлеуметтік қамсыздандыру бойынша серіктес елдеріндегі мекемелер мен еуропалық сарапшылар арасында білім және тәжірибе алмасуға ықпал ететін еуропалық бастама болып табылады. Бұл ұйым ЕО-ның қаржылық қолдауымен құрылып, жұмыс атқарады.
Іс-шараға Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия елдерінің дипломатиялық миссияларының өкілдері шақырылды, олар еуропалық сарапшылармен бірлесіп SOCIEUX+тің техникалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан іс-шараға қатысушыларға SOCIEUX+тің Қазақстан аумағында жүзеге асырған жобалары туралы айтып берді.
«SOCIEUX + соңғы жылдары қазақстандық ұйымдармен, оның ішінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен, Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен, Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау департаментімен, сондай-ақ Экономикалық зерттеулер институтымен ынтымақтастықта жемісті нәтижелерге қол жеткізді. Қазіргі кезде бұл Орталық Қазақстанда әлеуметтік қорғауды, еңбекті қорғауды және халықты жұмыспен қамтуды жақсарту саласында 5 жобаны сәтті аяқтады», - деп атап өтті М.Баймұхан.
SOCIEUX+ өкілі Маржена Бреза Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия елдерімен техникалық ынтымақтастық мүмкіндіктерімен таныстырды.
«SOCIEUX+ жұмыспен қамтудың инклюзивті, тиімді және тұрақты стратегиялары мен әлеуметтік қорғау жүйелерін әзірлеу, басқару және бақылау мүмкіндіктерін кеңейтетін қысқа мерзімді миссиялар мен іс-шаралар арқылы мемлекеттік мекемелердің мамандары арасында білім мен тәжірибе алмасу құралы болып табылады. Соңғы 2 жылда біз Қазақстанмен белсенді ынтымақтастық орнаттық және жаңа елдерде әріптестер желісін кеңейтуге мүдделіміз», - деді М. Бреза.
Сонымен қатар іс-шараға Қазақстаннан қатысушылар қосылды. Атап айтқанда, Астана қаласының азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен «Дом» қоғамдық қорының өкілдері SOCIEUX+пен ынтымақтастықтың оң тәжірибесімен бөлісті. Бұл тәжірибе ҮЕҰ гранттық қаржыландыру шеңберінде әлеуметтік жобаларды мониторинг жасау және бағалау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиелеу жүйесін құру бағытында жүргізілген.
Іс-шараға қатысушылар мен қонақтар SOCIEUX+пен өзара тиімді ынтымақтастықтың елеулі әлеуеті мен перспективаларын атап өте отырып, әлеуметтік салада практикалық өзара іс-қимылды жолға қоюға уағдаласты.
Анықтамалық: SOCIEUX+ бұл Еуропалық Комиссияның Халықаралық серіктестіктер жөніндегі бас директораты (INTPA) арқылы қаржыландырылатын және Бельгия, Испания, Франция мемлекеттік мекемелерімен бірлесіп құрылған техникалық ынтымақтастық қор.
SOCIEUX+тің қызметі жұмысқа орналасудың ең тиімді мүмкіндіктері мен инклюзивті әлеуметтік қорғау жүйелеріне қолжетімділікті кеңейтуге арналған. Бұл қор ЕО-дан тыс әлемнің 155-тен астам елінде қысқа мерзімді техникалық ынтымақтастық бойынша түрлі жобаларды іске асыру үшін еуропалық сарапшыларды жұмылдыруға мүмкіндік береді.