Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігі мен «Ауыл» партиясы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен ЕО елдері арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігі мен «Ауыл» партиясы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен ЕО елдері арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Брюссель, 2024 жылдың 21 ақпаны – Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының басшысы Серік Егізбаевпен «Ауыл» партиясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
 
Кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде, «Ауыл» партиясының төрағасы С.Егізбаев партияның Қазақстанның ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында ҚР мен ЕО өңірлері арасындағы инвестициялық және экспорттық ынтымақтастықты арттыруға баса назар аударып отырғанын атап өтті.
 
Сондай-ақ С.Егізбаев қазақстандық аграрийлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сумен қамтамасыз ету, агротуризм және т.б. мүмкіндіктерін кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
 
Өз кезегінде Елші Марғұлан Баймұхан кездесулердің бұл форматы Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі нақты әлеуметтік-экономикалық және білім беру жобаларын ілгерілетуге көмектесетінін атап өтті.
 
Сондай-ақ М.Баймұхан Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымының 2023 жылы 41,4 миллиард АҚШ долларына жеткеніне назар аударды. ҚР мен ЕО-ның ауыл шаруашылығы, ветеринариялық және фитосанитарлық қызметтері арасында байланыс орнату мақсатында бірлескен іс-қимыл қажеттігіне ерекше назар аударылды.
 
Сонымен қатар, дипломат ауыл шаруашылығы саласының өкілдерін ағымдағы жылдың 27-31 мамырында Қазақстанға келетін Еуропалық ауыл шаруашылығы комиссары Я.Войчеховский бастаған агроөнеркәсіптік секторының ЕО ірі бизнес миссиясының қатысушыларымен кездесуге шақырды.
 
Ауылдық елді мекендерді бельгиялық технологиялар арқылы сапалы ауыз және суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі бөлек қаралды. Елшілік Ақкөл (Ақмола облысы), Бәйдібек (Түркістан облысы) және Абай аудандарындағы (Абай облысы) ауылдық округтерінің бірінде жаңбыр суын жинау және тазарту бойынша пилоттық жобаны әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
 
Сонымен қатар, ЕО елдеріне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту бойынша ұсыныстар қарастырылды. Мәселен, «Ауыл» партиясы басшылығының ақпаратына сәйкес, қазақстандық кәсіпкерлік субъектілерінің этил спирті, балық өнімдері, фанера, қамыс, зығыр және басқа да тауарлардың қосымша көлемін экспорттау мүмкіндігі бар.
Ақкөл, Бәйдібек және Абай аудандарындағы жеке ауыл шаруашылығы жобаларын түбегейлі қарастыру туралы келісімге қол жеткізілді.