Қазақстан Елшісі Дүниежүзілік кеден ұйымының жаңа басшысымен кездесті

Қазақстан Елшісі Дүниежүзілік кеден ұйымының жаңа басшысымен кездесті

Брюссель, 2024 жылғы 1 ақпан – Дүниежүзілік кеден ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан ДКҰ-ның жаңа Бас хатшысы Ян Сандерспен кездесуі өтті.

Әңгімелесу барысында тараптар осы Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықтың өзекті және перспективалы мәселелерін талқылады. Елші М.Баймұхан халықаралық ұйымның басшысын Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың ағымдағы дамуымен егжей-тегжейлі таныстырды.

Тараптар сондай-ақ халықаралық сауданы дамыту үшін осы бағыттың аса маңызды рөліне ерекше назар аудара отырып, кеден қызметтерінің жұмысын үйлестіру мәселелерін талқылады. Осы тұрғыда Елші М. Баймұхан Қазақстанның ел мен өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру бойынша қолға алған қадамдарын атап өтті.

ҚР Кедендік операцияларын цифрлық трансформациялауға, сондай-ақ елдің шекаралық бақылау-өткізу пункттерін жаңғыртудың жалғасып жатқанына ерекше назар аударылды. Тараптар Орталық Азия мен Кавказдың стратегиялық маңызды өңірінде жүктерді транзиттеу рәсімдерін стандарттау және цифрландыру саласындағы бірлескен жұмыс перспективаларын атап өтті.

Өз кезегінде Ян Сандерс Қазақстанның өңірлік контексте атқаратын шешуші рөлін атап өтіп, одан әрі тереңдетілген ынтымақтастыққа дайындығын растады. Ол ұйымның негізгі мақсаты елдер арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу және халықаралық сауда рәсімдерін оңайлату болып табылатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық дипломат ДКҰ басшысына 2024 жылғы 13-14 маусымға жоспарланған алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға ресми шақыру жолдады.

Анықтама: Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) – штаб-пәтері Брюссель қаласында орналасқан. ДКҰ мүшелері әлемнің 185 елінің кеден қызметтері болып табылады. 1992 жылғы маусымнан бастап Қазақстан ДКҰ мүшесі және содан бері осы ұйымның жұмысына, оның ішінде оның басшы органдары – қаржы Комитеті, Саяси комиссия және Кедендік ынтымақтастық кеңесінің құрамына белсенді қатысады.