Люксембург, 2 ақпан 2024 жылғы– Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұханның Люксембург Ұлы Герцогтігі Парламентінің Төрағасы Клод Вислермен кездесуі өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуы призмасы арқылы Қазақстан мен Люксембург арасындағы қарым-қатынастар туралы айтты. Аймақтар арасындағы көліктік-логистикалық байланысты дамытуға, “the Global Gateway Investors Forum for the EU-CA Transport Connectivity” нәтижелеріне сондай-ақ еуропалық және халықаралық қаржы институттарының Орта дәлізді дамытуды 10 миллиард еуродан астам сомаға бірлесіп қаржыландыруға дайындығына ерекше назар аударылды.
Сонымен бірге, М.Баймұхан Люксембург Парламентінің басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалар туралы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және ҚР Парламентінің құрылымы мен қызметі туралы хабардар етті.
Сондай-ақ қазақстандық дипломат К.Вислерді ағымдағы жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
К.Вислер елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын атап өтіп, люксембург тарапының Қазақстанмен парламентаралық диалогты құруға мүдделі екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар екі ел парламентшілерінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Анықтамалық ақпарат: Депутаттар палатасы Люксембургтің тек заң шығарушы органы болып табылады, ол пропорционалды жүйе арқылы 5 жыл мерзімге тікелей жалпы сайлау арқылы сайланатын 60 депутаттан тұрады. Соңғы сайлау 2023 жылдың 8 қазанында өтті, оның қорытындысы бойынша Христиан-әлеуметтік халық партиясы бастаған коалиция елдің жаңа үкіметін құрды.