Брюссель, 2023 жылғы 26 қыркүйек – Еуропалық Одақ астанасында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30-жылдығына арналған мәдени бағдарлама шеңберінде қазақстандық «Дос Мұқасан» фильмінің көрсетілімі өтті.
Көрсетілімге келген кинокөрермендерге арнаған сөзінде Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан олардың заманауи қазақстандық мәдениетке деген қызығушылығы үшін алғыс айтып, Еуропалық Одақпен саяси және экономикалық диалогты нығайтумен қатар, халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Осы тұрғыда «Дос-Мұқасан» фильмі өз дәуірінің рухын әсерлі жеткізіп, шетелдік көрерменді ансамбльдің ұлы музыкалық мұрасымен таныстырады және шетелде тұратын түрлі жастағы қазақстандықтарды тиімді біріктіреді.
«Осы фильм арқылы біз сіздерді Қазақстанмен танысуға, сондай-ақ Орталық Азия өңірінің бай тарихы мен мәдениетін, бірегей табиғатын және қарқынды дамып келе жатқан жас қоғамын жақынырақ білуге шақырамыз», - деді дипломат.
Көрсетілім Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігінің және Франциядағы қазақстандық кино фестивалінің ықпалдастығы аясында Бельгия астанасының халықаралық артхаус киносының әйгілі орталығы – «Cinema Palace» кинотеатрында өтті.
Фильмнің көрсетіліміне еуропалық және бельгиялық институттардың қызметкерлері, Бельгиядағы қазақстандық қауымдастық өкілдері, жергілікті киносүйер қауым және шетелдік БАҚ өкілдері келді.
Кинотуындыны ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Aray Media Group компаниясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірген.
Фильмнің түсірілімі шамамен жеті айға созылды, туынды 2022 жылы жарыққа шықты. Фильмнің сценарийін Ефрат Шәріпов жазған, продюсері Айгүл Байбек, ал музыкалық сүйемелдеу режиссері Айдын Сахаман болып табылады.