
Брюгге, 2023 жылғы 22 қыркүйек – Еуропалық істер саласындағы кадрлар даярлаушы жетекші институт «College of Europe» қабырғасында Орталық Азия елдерінің Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау курстарының бағдарламасы талқыланды.
Тұжырымдама жобасына сәйкес, Еуропа колледжі базасындағы қысқа мерзімді курстар еуроодақтың сыртқы, сауда, климаттық және көлік саясатымен, салалық стандарттарымен танысуды, келіссөздер процестерін үйретуді, сондай-ақ Еуропалық шенеуніктермен кездесулерді қамтиды.
Кездесуге қатысушыларды қарсы ала отырып, колледж ректоры, ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі бұрынғы Жоғарғы өкілі / Еуропалық Комиссияның бұрынғы Вице-президенті Федерика Могерини аймақтағы мамандарға арналған курстарға үздік оқытушыларды шақыру, тренинг тақырыптары мен жоспарлары туралы айтып берді. Ол алдағы уақытта колледж жанындағы тренингтер өңірлік ынтымақтастықтың тұрақты бағытына айналады деген үмітін білдірді.
Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс серіктестігі, Орталық Азия, өңірлік ынтымақтастық және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры Микаэль Зиберт өңіраралық ынтымақтастықтың білім беру саласына кеңейіп жатқанын құптап, қайта даярлау курстары серпінді ынтымақтастықтың қажеттіліктеріне жауап беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан тараптарға бастаманы жедел іске асыру үшін бірлесіп атсалысып жатқаны үшін алғысын білдірді. Ол тыңдаушыларды іріктеу кезінде ЕО-мен өзара ынтымақтастықтың салалық бағыттарының түрлілігі мен санын ескеруді ұсынды. Қазақстандық дипломаттың айтуынша, бағдарлама ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін едәуір арттырмақ. Бағдарламаға қатысатын ҚР мемлекеттік қызметшілері еуропалық құрылымдармен жұмыс істеу ерекшеліктерімен іс жүзінде танысатын болады.
Талқылауға Еуропалық сыртқы істер қызметінің, Еуропалық Комиссияның, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі кеңсесінің, колледждің өкілдері және Брюссельдегі Орталық Азия мемлекеттерінің елшілері қатысты.
Бағдарламаның егжей-тегжейі кезекті өңіраралық министрлік кездесу барысында ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жол картасында ұсынылады деп күтілуде.
Білім беру бастамасы 2023 жылғы 2 шілдеде Шолпан-атада Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің екінші кездесуі барысында қол жеткізілген жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтардың бір бөлігі болып табылады. Айта кетерлігі, осы форматтағы алғашқы кездесу 2022 жылы Астанада өтті.
Айта кетерлігі, елшілік пен колледж арасындағы бұл мәселе бойынша жұмыс диалогы 2021 жылдан бері жүргізілуде. Мемлекет басшысының 2021 жылғы қарашада Брюссельге ресми сапары аясында елшіліктің пыықтауымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Еуропа колледжі арасында қазақстандық мамандар мен мемлекеттік қызметшілер үшін қысқа мерзімді тағылымдамалар ұйымдастыру туралы Меморандумға қол қойылды.
Колледжге сапары аясында дипломаттар 2022 жылы Еуропалық институттардың бірлескен пилоттық жобасы ретінде ашылған Еуропалық дипломатиялық академияның тыңдаушыларымен бейресми пікірталас өткізді. Қазіргі уақытта академия ЕО-ға мүше елдердің жас дипломаттарының екінші ағымын қабылдауда.
Брюггедегі кездесу барысында Қазақстан Елшісі Ф.Могериниге Қазақстан мен ЕО арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хатты табыс етті. Ф. Могерини 2015 жылы ЕО-ның Жоғарғы комиссары ретінде ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді дайындауға және қол қоюға қатысқан.
Анықтама: 1948 жылы Брюггеде (Бельгия) құрылған «Еуропа колледжі» еуропалық қатынастар саласында мамандар дайындайды. Мұнда 50-ден астам елдің студенттері еуропалық құқық, еуропалық экономикалық және саяси зерттеулер бойынша магистр дәрежесін алады. Колледж еуропалық институттар үшін кадрларды даярлаудың негізгі орталығы болып табылады және Еуропалық Одақтың саяси элитасының "оксбриджі" ретінде танымал.