
Брюссель, 2023 ж. 18 қыркүйек – Бүгін Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Орталық Азия елдерімен және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының арнайы отырысына қатысты.
Іс-шараға Орталық Азия мен Моңғолия елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары, Еуропалық Парламенттің депутаттары және стафферлері, партиялық фракциялардың саяси кеңесшілері, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің сарапшылары, сондай-ақ Еуропалық Парламент жанында аккредиттелген журналистер шақырылды..
Делегацияның жаңа төрағасы Томаш Здеховский құттықтау сөзінде Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның пікірінше, ЕО үшін Орталық Азия маңызды серіктес, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы маңызды байланыстырушы рөлін атқарады.
Өңір елдерінің бірегей даму тарихын атап өткен Т. Здеховский әріптестерін Орталық Азия мен ЕО елдері арасындағы саяси, мәдени-гуманитарлық алмасуларды белсенді ілгерілетуге шақырды. Осы орайда ол 2023 жылғы қарашада Брюссель қаласында жоспарланған «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің алдағы 20-шы отырысын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Орталық Азия бойынша арнайы баяндамашы Карстен Люке Еуропалық Парламенттің өңірдің әрбір мемлекетінің бірегей ерекшелігін ескере отырып,
ЕО-ның Орталық Азия бойынша қазіргі стратегиясын жаңа халықаралық сын-қатерлерге қарсы тиімді бағалауға және нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Ол Орталық Азияның еуропалықтар үшін үлкен қызығушылық тудыратын орасан зор мәдени әлеуеті бар екеніне сенімді. Еуродепутат 2023 жылы Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне сапары кезінде жергілікті жастармен және студенттермен тілдесуге ерекше назар аударған болатын.
Елші М. Баймұхан өз сөзінде еуропалық саясаткерлер мен сарапшыларға Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ойларымен таныстырды. ҚР Президентінің саяси реформаларына еуродепутаттардың қызығушылығының артқанын ескере отырып, Елші «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын «Адал Азамат» тұжырымдамасын ілгерілету үдерісіне назар аударды.
Қазақстандық тараптың IT секторды дамыту, әсіресе мемлекеттік және банктік қызметтерді цифрландыру саласындағы күш-жігері қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Атап айтқанда, Елші Mastercard басшылығының Алматы қаласында ТМД-да, Орталық және Шығыс Еуропада консалтингтік бағытты дамыту үшін өңірлік хаб ашу, сондай-ақ бизнесті цифрландыру және 300 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорындарға көмек көрсету жөніндегі бағдарламаларды қолдау туралы шешімін мысал ретінде келтірді. Өз кезегінде Еуропалық Парламент депутаттары Қазақстанның GovTech саласындағы тәжірибесін Орталық Азияның басқа елдерінде де кеңінен енгізуге болатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Елші Еуропалық Парламент өкілдерімен көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және аса маңызды материалдар саласындағы ҚР-ЕО ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы бөлісті.
Іс-шара соңында Елші М. Баймұхан Делегация мүшелерімен ҚР-ЕО Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысына дайындық барысын талқылады.
Анықтама: Орталық Азия елдерімен және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі Делегация Еуропалық Парламентінің ресми жұмыс органы. Еуропалық Парламенттің 34 депутаты осы Делегацияның мүшесі және олар 7 негізгі саяси топтың атынан қатысады.