Қазақстан туризмі мен мәдениеті «Еуропалық мұра күндерінде» таныстырылды

Қазақстан туризмі мен мәдениеті «Еуропалық мұра күндерінде» таныстырылды

Брюссель, 2023 жылғы 16-17 қыркүйек – Қыркүйек айының үшінші аптасында Бельгия астанасының тұрғындары мен қонақтары дәстүрге айналған «Еуропалық мұра күндері» Қазақстанның тарихымен, музыкасымен және заманауи дамуымен танысты.

Елшілік қонақтарына отандық фотографтардың экотуризм және заманауи сәулет тақырыбында жасаған кең форматты жұмыстарының көрмесі, XV-XIX ғасырлардағы қазақ мемлекеті туралы көне еуропалық карталардың галереясы ұсынылды. Сондай-ақ, Семей полигонының жабылуы туралы деректі суреттер келушілерге еліміздің аумағындағы ядролық сынақтардың қасіретті зардаптарының тарихымен танысуға және Қазақстанның жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде қандай жұмыс жүргізіп жатқаны туралы молырақ білуге мүмкіндік берді.

«Qazaq Enter» қауымдастығының отандық қолөнершілері осы іс-шараға арнайы әзірлеген «дәстүрлі қазақ үйі» - киіз үй мен оның жабдықтары қонақтардың, әсіресе жас келушілердің үлкен қызығушылығын туғызды. Көшпелілер тұрғын үйінің ыңғайлылығы, экологиялық тұрақтылығы және бай философиясы шеберлердің үйлескен әрі сапалы жұмысымен үйлесе отырып, келушілерге қазақ тұрмыстық бұйымдары мен салт-дәстүрлерімен етене танысуға мүмкіндік берді.

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан қонақтармен әңгімелесу барысында көрме еуропалық туристерді қызықтыратын Қазақстанның мәдениеті мен табиғи ландшафттарының алуан түрлілігін көрсетуге ұмтылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында ұсынылғандай, болашақта Қазақстанның туристік саласы ел экономикасы дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналуы мүмкін.

«Ата-бабаларымыздың баға жетпес мұрасын ұсына отырып, біз қонақтарды тек қазақстандық туризммен ғана емес, Орталық Азия өңірімен  таныстырамыз».

Айта кетерлігі, Орталық Азия елдері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуі барысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Орталық Азия» туристік брендін бірлесіп ілгерілетуді ұсынды.

Екі күн ішінде Еуропалық Одақ астанасының жүздеген тұрғындары мен қонақтары, олардың ішінде туристер, дипломаттар, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің фанклубы домбыраның үнін тыңдауға, ұлттық костюмдерді киіп көруге және естелік суреттер түсіруге, еліміз туралы қызықты фактілерді білуге және дәстүрлі тағамдардан дәм татуға мүмкіндік алды.

Брюссель қала әкімшілігі жыл сайын ұйымдастыратын жалпықалалық іс-шара бағдарламасы қаланың мәдени және тарихи орындарына, сонымен қатар дипломатиялық өкілдіктерге экскурсияға баруды қамтиды. Биылғы «мұра күндерінің» тақырыбы Брюссельдің заманауи өнері мен сәулетіне арналды.