
2023 жылғы 13 қыркүйек, Брюссель - Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан және Еурокомиссияның Халықаралық ынтымақтастық Бас директоратының Орталық Азия жөніндегі директоры, Елші Петерис Устубс "Global Gateway" форумына дайындықты, оның ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы көлік, сирек шикізат материалдарын өңдеу, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ гуманитарлық-білім беру саласындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Қазақстандық дипломат ҚР-дың өңірдегі транзиттік-көлік хабын дамыту жөніндегі өршіл мақсаттары елдің жаңа экономикалық бағытымен бірге еуропалық компаниялар үшін жаңа перспективалар ашатынын атап өтті. Осыған байланысты, жоғары деңгейдегі диалог пен іс-шаралар ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру үшін қолайлы негіз жасайды.
Еуропалық дипломат Елшіге Президент Қ.Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі экономикалық басымдықтар туралы егжей-тегжейлі ақпараттандырғаны үшін алғысын білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастықты іске асырудағы белсенді рөлін, сондай-ақ ағымдағы күн тәртібі бойынша айтылған ұсыныстардың өзектілігін ерекше атап өтті.