
Темсе, 2023 жылғы 7 қыркүйек – «Hemelaer» ет комбинатының ашылу салтанаты аясында Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгияның Премьер-Министрі Александр Де Кромен екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Елші сұхбаттасушыны ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы қарашадағы Брюссельге сапарының қорытындысы бойынша уағдаластықтардың орындалу барысы туралы хабардар етті.
Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өскені атап өтіліп, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң серпінін нығайтуға қолдау көрсетуге дайын екендігі айтылды. Атап айтқанда, 2023 жылдың мамыр айында құрылған «Қазақстан-Бельгия» Іскерлік кеңесі осыған үлес қосуды көздеп отыр.
Әңгімелесу барысында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Бельгияның ЕО Кеңесіне алдағы төрағалығы аясындағы өзара іс-қимыл перспективалары қозғалды.
Осыған байланысты жоғары деңгейде, сондай-ақ өзара іс-қимылдың барлық басқа форматтарында саяси байланыстарды жемісті жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Анықтама: Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың соңында 514,5 млн долларды құрды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға жоғары.