
Брюссель, 2023 жылғы 4 шілде – Брюссель энергетикалық клубының аясында Еуропалық одақ астанасында «Орталық Азияның таза энергиямен болашағы: қарқынды дамып келе жатқан өңірде энергетикалық ауысу үшін жаңа серіктестіктер қалыптастыру» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Гибридті форматта өткен іс-шараға Орталық Азияның бес мемлекетінің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, олардың мемлекеттік органдарының, Еуроодақты жетекші институттарының, ірі энергетикалық компаниялардың, салалық қауымдастықтардың, ой-талқы орталықтарының, БАҚ өкілдері қатысты.
Еуропалық одақ жанындағы Қазақстан өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан өзінің құттықтау сөзінде еліміздің Париж келісімін іске асыруға бейілділігін және ҚР Президентінің 2060 жылға қарай экономиканы декарбонизациялауға қол жеткізу туралы айтқан міндеттемесін атап өтті.
Былтыр Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ерекше маңызды материалдар саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын және оны іске асыру жөніндегі «жол картасын» жақында қабылдағанын еске сала отырып, дипломат Еуроодақтың энергетика саласын ауқымды жаңарту жөніндегі REPowerEU атты жоспары 2030 жылға қарай 10 миллион тоннаға дейін «жасыл» сутегі импортын көздейтінін және Қазақстанның еуропалық серіктестермен Еуропа елдерінің нарықтарына жеткізу үшін оны Маңғыстау облысында өндіру бойынша қазірдің өзінде нақты уағдаластықтары бар екенін атап өтті.
«Ортақ мақсатымыз – бүкіл Орталық Азия үшін әділ энергетикалық транзитке қол жеткізу. Біз өңір елдерінің энергетика саласындағы тығыз ынтымақтастығы осы бағыттағы күш-жігерімізді нығайтатынына сенімдіміз», – деп атап өтті Елші М. Баймұхан.
Еуропалық парламент депутаты, Орталық Азия елдерімен және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі делегацияның жаңа төрағасы Томаш Здеховский өңірдегі экономикалық және демографиялық өсім ондағы энергия ресурстарын тұтынудың айтарлықтай өсуіне алып келетінін атап өтті. Оның айтуынша, «Еуроодақ пен Еуропалық инвестициялық банкті қоса алғанда, аймақ мемлекеттерінің халықаралық серіктестері олардың көмірқышқыл газын ауаға шығаруды азайту жөніндегі күш-жігерін қолдай алады». Алдағы жылдары ол осы бағыттағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде қуат үнемдеудің тиімді технологияларын енгізуді, қолда бар инфрақұрылымды жаңартуды және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды атады.
«Еуропа парламентінің өңір елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының басшысы ретінде мен Қазақстан мен Еуроодақ қол қойған ерекше маңызды материалдар, батареялар және «жасыл» сутегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі жол картасын қабылдауды құптаймын. Бұл тараптар арасындағы қаржылық және технологиялық ынтымақтастыққа жағдай жасайды және өңір үшін жағымды үлгі болады», – деп есептейді еуродепутат.
Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала өңірге жаһандық климат өзгеруінің жағымсыз салдарының әсері қазірдің өзінде елеулі деп санайды. Бұл оны құрайтын елдерде энергетика саласын жаңғырту жөніндегі міндеттің өзектілігін арттырады. Осыған байланысты бұл тақырып 2023 ж. 2 маусымда Чолпон-Атада (Қырғызстан) өткен Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары мен Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишельдің екінші кездесуінің күн тәртібінде көрініс тапты.
«Су, энергетика және климаттың өзгеруі жөніндегі «Еуропалық команда» (Team Europe) бастамасы аясында біз Еуроодақтың Орталық Азиядағы жаңа және жүзеге асырылып келе жатқан жобаларына және инвестицияға 700 миллион еуро көздедік. Осы конференциядағы пікір алмасулар осы саладағы маңызды жобалар мен бастамаларға аудартанына сенімдімін», – деп атап өтті ол.
Орталық Азия мемлекеттерінің елшілері мен жауапты мекемелері, ұлттық компаниялар, сараптамалық құрылымдардың өкілдері өңірдің энергетикалық жүйелерін дамытуға және олардағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін дәйекті түрде арттыруға елдік тәсілдерді ұсынды. Еуроодақ құрылымдарының, халықаралық қаржы және донорлық институттарының, жеке сектордың және талдау орталықтарының өкілдерімен бірге олар энергетика саласын дамыту және оған жергілікті және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жаңа тәсілдерді қалыптастыру мәселелерін талқылады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ төмен көміртекті даму департаментінің директоры Әлия Шалабекова, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС сутегі энергетикасы бойынша құзыреттер орталығының аға инженері Дәулет Жақыпов, Svevind Energy GmbH компаниясының өңірлік өкілі Айнұр Тумышева Қазақстанда «жасыл» энергетика саласы дамуының түрлі аспектілерін онлайн-режимде ұсынды.
Сонымен қатар, «QazaqGreen» ЖЭК қауымдастығының Директорлар кеңесінің Төрағасы Нұрлан Қапенов өз сөзінде 2018 ж. Қазақстанда халықаралық компаниялар қатыса алатын аукциондар жүйесі енгізілгенін атап өтті. «Бүгінгі таңда бұл аукциондарға 13 елден 200 компания қатысып, нәтижесінде елімізде жалпы қуаты 2,5 гигаватт болатын «жасыл» энергетика саласындағы 130 жоба іске асырылды». Ол Қазақстан 2030 ж. қарай ЖЭК-тің энергия теңгеріміндегі 15 %-ке, 2050 ж. қарай 50 %-ке және 2060 ж. қарай 80 %-ке жету мақсатын қойғанын еске салды.
Проблемалық аспектілердің ішінде сарапшы Қазақстанда әртүрлі көздер өндіретін энергия көлемі арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін «маневрлік» қуаттардың жетіспеушілігін атады. Оның пікірінше, бұл үшін ең оңтайлы шешім көршілес Орталық Азия елдерімен бірыңғай өңірлік энергетикалық желінің тұрақты жұмыс істеуі болар еді.
Конференцияға қатысушылар Орталық Азия елдерінің энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін кеңейтудің жинақталған оң тәжірибесімен және перспективаларымен қатар кеңес заманынан мұраға қалған энергетикалық инфрақұрылымның терең тозуына байланысты өңірге ортақ сын-қатерлерге, электр энергиясын тұтынушылар үшін тарифтерді көтеру проблематикасының кешенді сипатына, туындайтын мәселелерді шешу үшін өңір елдерінің үйлестірілген тәсілдері мен іс-қимылдарының қажеттілігіне назар аударды.
Талқылау қорытындысы бойынша өңірде ЖЭК дамыту мәселелерін бірлесіп талқылау және осы салада тұрақты тәжірибе алмасудың қисындылығы атап өтілді. Конференцияны ұйымдастырушылар Еуроодақ пен Орталық Азия тарапынан мүдделі қатысушылармен осындай іс-шараларды өткізу тәжірибесін жалғастыруға ниетін білдірді.