
Брюссель, 2023 жылғы 15 маусым – Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан еліміздің Еуроодақпен және Еуропа кеңесімен жастар саясаты саласындағы ынтымақтастығын жандандыру мүмкіндіктерін талқылау үшін Брюссель мен Страсбургке келген отандық үкіметтік емес ұйымдардың делегациясымен кездесті.
Делегация құрамында «Ұлан ғайыр дала елі» қоғамдық бірлестігінің директоры Уәлихан Бахретдинов, «Ассамблея жастарының» төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Maqsut Narikbayev University (КазГЮУ)» қауымдастырылған профессоры Муслим Хасенов бар.
Әңгіме барысында жастар үшін өзекті мәселелер бойынша еуропалық құрылымдар мен қазақстандық ҮЕҰ қатысуымен бірлескен жобаларды іске асырудың амалдары талқыланды. Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім азаматтық қоғамды дамыту мәселелері бойынша тұрақты диалогты, үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байланыстарды және студенттер, оқытушылар, ғылыми зерттеушілер мен жастар арасындағы алмасуларды ынталандыратыны атап өтілді (Келісімнің 244-ші және 251-ші баптары). Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Еуроодақтың білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы әрекеттестік мәселелерін де талқылады.
Брюссельде отандық делегация Еуроодақтың Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Терхи Хакаламен, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің және Еуропалық экономикалық және әлеуметтік комитеттің қызметкерлерімен кездесті.
Бұған дейін Еуропалық парламент (ЕП) кеңсесінде делегация «Жаһандық жастар көшбасшылығы: Қазақстан – Еуроодақ» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. ҚР Еуропалық одақ жанындағы өкілдігінің және ҚР Страсбургтегі Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара аясында ЕП депутаттары мен қызметкерлерінің, жастардың үкіметтік емес ұйымдарының, еуропалық және қазақстандық университеттер студенттерінің қатысуымен маңызды бірлескен бастамалар мен жобаларды әзірлеу мен іске асырудың келешегі мол бағыттары туралы пайдалы пікір алмасу орын алды.