Астанада алғаш рет «Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесі өтті

Астанада алғаш рет «Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесі өтті

Астана, 2023 жылғы 5 маусым – Астанада өткен «Қазақстан – Бельгия» Іскерлік кеңесінің бірінші отырысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілетуде шаруашылық жүргізуші субъектілер мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының өзекті мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Қазақстанның Брюссельдегі Елшісі Марғұлан Баймұхан мен Бельгияның Астанадағы Елшісі Анри Вантигем, бірқатар ұлттық компаниялардың және екі елдің 20-дан астам жеке бизнес-құрылымдарының басшылары мен өкілдері, соның ішінде Бельгияның халықаралық сауда мен инвестицияларды қолдау бойынша институттары ұйымдастырған бизнес-миссия шеңберінде келген қонақтар қатысты.

Іскерлік кеңес құру туралы келісімге 2023 жылғы 17 мамырда Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен «Бенилюкс» сауда палатасы екі елдің елшілері мен Қазақстан және Бельгия парламенттері депутаттарының қатысуымен қол қойды. Оны құру туралы ұсынысты ҚР Президенті 2021 жылғы қарашада Бельгияға ресми сапары барысында айтқан болатын.

Іс-шараны ашқан Елші М. Баймұхан екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылы Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін берік іргетас қалағанын атап өтті.

«Бельгия Қазақстан нарығындағы жетекші инвесторлардың қатарына кіреді. Біз логистика, энергетика, фармацевтика, цифрлық технологиялар және басқа да салаларда одан әрі ынтымақтастыққа мүдделіміз. Бұл бағыттарда біз айтарлықтай ілгерілеу жасап, жаңа бірлескен кәсіпорындарды құруға қолғабыс бере аламыз», – деп атап өтті ол.

Елші А. Вантигем де жаңа диалог алаңының іске қосылуын құптады. Бельгиялық компаниялардың қазақстандық нарықта жұмыс істеу үшін бәсекелестік артықшылықтары туралы айта келе, ол басым салалар арасында көлік, логистика, жаңартылатын энергия көздерін де атады. «Біз Қазақстанмен және басқа да көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастыққа қызығудамыз», – деп атап өтті бельгиялық дипломат.

Сонымен қатар, іс-шарада «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Самұрық-Қазына Инвест» АҚ Бас директоры Сәкен Әбілмәжінов, «СК-Фармация» басшысы Ерхат Есқалиев, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Аян Еренов, «Бенилюкс» сауда палатасының президенті Денис Ван ден Веге, AWEX Экспорт және инвестициялар жөніндегі (бельгиялық) валлондық агенттіктің Үлкен Еуропа аймағы бойынша директоры Ив Ришар, «Қазақинвест» ҰК АҚ, Астана халықаралық қаржы орталығы, басқа да қазақстандық және бельгиялық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері сөз сөйледі.

Қатысушылар қазақстандық және бельгиялық нарықтарда екі ел компанияларының қатысуын кеңейтудің нақты тұстарын, өзара қызығушылық тудыратын салаларда бірлескен жобаларды іске асыру үшін институционалдық ортаны жетілдіру жолдарын талқылады.

Соңғы уақытта ең жоғары деңгейде де, парламентаралық дипломатия арналарымен де екі ел арасындағы саяси байланыстардың оң серпіні байқалады, бұл екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға да қолайлы жағдай жасайды.

Жалпы, бірінші отырысқа қатысушылар екі елдің мемлекеттік органдарының мазмұнды қолдауымен қазақстандық және бельгиялық бизнес-құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге жәрдемдесетін пайдалы және нәтижелі платформаның негізі қаланғанына сенімдерін білдірді.

Іс-шара аяқталғардан бұрын «Бенилюкс» сауда палатасы және «СК-Фармация» өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның шеңберінде тараптар Қазақстан аумағында патенттелген дәрілік препараттар өндірісінің локализациясын арттыруға және бірлескен бастамаларды әзірлеу және іске асыру үшін тұрақты тәжірибе мен ақпарат алмасуды қолдауға уағдаласты.

«Қазақстан – Бельгия» Іскерлік кеңесі қажеттілігіне қарай екі елдің бірінде, шамамен – жыл сайын жиналады деп болжануда.

 

Анықтама: Бельгия Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы ірі сауда серіктес және инвестициялар мен жаңа технологиялардың маңызды көздерінің бірі болып табылады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 514,5 млн. АҚШ долларын құрады, бұл алдағы жылмен салыстырғанда 23 % жоғары (418,3 млн. АҚШ). Қазақстан өнімінің Бельгия нарығына экспорты 272,1 млн. АҚШ долл., Бельгиядан импорт 242,4 млн. АҚШ долл. құрады.

Бельгияға экспорттың негізгі санаттары: зығыр тұқымдары, титан және одан жасалған бұйымдар, хром оксидтері мен гидроксидтері, кендер мен концентраттар, көмір, этил спирті, өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар, қара металдардан жасалған металл конструкциялары, өсімдік майларын алу кезінде алынған қалдықтар.

Бельгиядан импорттың негізгі санаттары: дәрі-дәрмектер, вакциналар, тракторлар және ершікті тартқыштар, беттік-белсенді заттар, жуу және тазалау құралдары, замазкалар, майлау материалдары.

2005-2022 жж. аралығында Бельгиядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар көлемі шамамен 11,5 млрд. АҚШ. долл. құрады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 70-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері: «Solvay Chemicals International SA.» (химия), «Sarens Group» (мұнай-газ саласының инфрақұрылымы), «Evolion» (жаңартылатын энергия көздері), «Carmeuse» (тау-кен өнеркәсібі), «Ahlers» (логистикалық қызметтер).