Қазақстан Елшілігінде Бельгиядағы отандастардың жыл сайынғы кездесуі өтті

Қазақстан Елшілігінде Бельгиядағы отандастардың жыл сайынғы кездесуі өтті

Брюссель, 2023 жылғы 22 сәуір – Бельгияда тұратын жүзден астам отандастар және олардың отбасыларының мүшелері Брюссельдегі Қазақстан Елшілігінде жыл сайынғы кездесуге қатысты.

Елші Марғұлан Баймұхан өзінің құттықтау сөзінде жиналғандарды Ораза айтпен және басқа да көктемгі мерекелермен құттықтады.

Оның айтуынша, «бүгінде көптеген қазақстандықтар Бельгияда халықаралық ұйымдарда, ірі және шағын компанияларда жақсы лауазымдарда табысты жұмыс істеуде». Сондай-ақ дипломат біздің студенттер Бельгияның мықты жоғары оқу орындарында оқитынын айтып, оларға оқуда табыс тілеп, келешекте өз білімдерін Отанымызда тиімді қолданатынына сенімділігін білдірді.

«Бірегей сұлу табиғатымыз, ата-бабаларымыздың ұлы мұралары және көпұлтты мәдениетіміз – Қазақстан халқының шынайы байлығы. Сондықтан қоғамымызда өзара түсіністікті, сыйластық пен бейбітшілікті сақтау – бәрімізге аманат. Осының арқасында шетелде жүргенде біз Қазақстаннан екенімізді мақтанышпен айтып жүреміз», – деді ол.

Кездесудің бағдарламасы спорттық жарыстар, қазақ әндерін бірлесе орындау, түрлі зияткерлік сайыстарды қамтыды. Мерекелік дастархан басында отандастар бір бірімен танысып, араласып, Бельгиядағы қазақстандықтарды жақындастыру және Еуропада еліміздің бай мәдени мұрасын, экономикалық және туристік әлеуетін насихаттау үшін іс-шаралар өткізуге қатысты жоспарларын талқылауға мүмкіндік алды.