
2020 жылғы 8 сәуірде коронавирус (COVID-19) төңірегіндегі қазіргі жағдай туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған Еуропалық Парламенттің депутаттарымен алғашқы бейнеконференция өтті.
Іс-шараға Орталық Азия бойынша Еуропалық парламент делегациясының және «Қазақстан – ЕО» Достық тобының мүшелері – Рышард Чарнецкий (Польша), Атидже Алиева-Вели (Болгария), Максимилиан Крах (Германия) жәнеТьери Мариани (Франция) қатысты. Сонымен қатар, кейбір техникалық қиындықтарға байланысты Андрис Америкс (Латвия) және Кингу Гал (Мажарстан) өздерінің кеңесшілерімен ұсынылды.
Қазақстан Елшісі Айгүл Құспан, әсіресе, ү.ж. 1 наурызда Қазақстан Республикасы мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімнің күшіне енуі аясында парламент мүшелерінің Қазақстан мен Еуроодақтың стратегиялық әріптестігін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Осы орайда, ол ү.ж. 25-27 ақпанда Нұр–Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақтың Парламенттік ынтымақтастық комитетінің кезекті отырысының нәтижелеріне жоғары баға берді.
Қазақстандық дипломат Президент Қ.-Ж. Тоқаевтың шешімдері мен үкіметтің коронавирустың кең таралуын болдырмауға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге, сондай-ақ халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталған іс-әрекеттері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Парламент мүшелері Қазақстанның санитарлық және дағдарысқа қарсы шараларын қолдады.
Өз кезегінде Еуропарламент депутаттары өз елдеріндегі – Польшадағы, Болгариядағы, Германиядағы жағдай туралы айтып берді. «Қазақстан-Еуропалық Одақ» достық тобының Төрағасы Р.Чарнецкий коронавирустың пандемиясы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адамзат үшін ең маңызды қатер болғанын атап өтті. Еуропалық Парламенттің Орталық Азиядағы Өкілдігі Төрағасының орынбасары А.Алиева осы қиын уақытта сайлаушылармен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті. Депутат М.Крах Германияда өлімнің салыстырмалы түрде төмен екенін хабарлады. Сонымен қатар, оның пікірінше, Германия және жалпы Еуропалық Одақтың экономикасына соққы айтарлықтай елеулі болады.
Бейнеконференцияға қатысушылар ЕО-ның пандемияның мыңдаған адамның өміріне тигізетін қайғылы салдарына немесе ұлттық экономика үшін ауыр зардаптарға әлі дайын емес екенін атап өтті. Пандемия өзара қолдаудың, достық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын еске салды.
Дәл осы құндылықтар «Қазақстан – ЕО» парламенттік достық тобы қызметінің негізі болып табылады. Депутаттар қазақстандық Елшіліктің бейнеконференция өткізу туралы бастамасын құптап, қазақстандық әріптестерімен келесі бейнеконференцияны ұйымдастыруға келісті.