
Брюссель, 2023 жылғы 27 наурыз – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары шеңберінде Бельгия мен Францияға келген қазақстандық ұзтаздар делегациясын қабылдады.
Брюссельдегі елшіліктің көмегімен оларға Бельгияның Фламанд аймағының білім және кадрлардың біліктілігін арттыру министрлігінде, сондай-ақ Схаербек және Уккль қалаларының муниципалды мектептерінде кездесулер мен презентациялар ұйымдастырды, онда ұстаздар осы елдің голланд және франкофон бөліктерінің білім беру жүйелерінің ерекшеліктерімен таныса алды.
Еліміздің түрлі өңірлерінде жұмыс істейтін білім беру саласының мамандары отандық дипломаттарға жылы қабылдауы мен қолдаулары үшін алғыс айтып, өткен кездесулер мен алынған ақпараттан алған әсерлерімен бөлісті. Бельгиялық және қазақстандық оқыту жүйелерінің салыстырмалы артықшылықтары туралы өзара пайдалы пікір алмасылды, Қазақстанның білім беру мекемелерінде оқу және тәрбие беру процесін ұйымдастыруда еуропалық тәжірибенің жекелеген элементтерін қолданудың мүмкін жолдары талқыланды. Елші М. Баймұхан білім беру жүйесінде қазақстандық ұйымдардың халықаралық байланыстарын тұрақты кеңейту мен жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бельгия мен Францияға мектепке дейінгі, бастауыш, орта және жоғары білім беру мекемелерінің мамандарынан жасақталған делегацияның сапарын «Сана» зияткерлік орталығы (Астана қ.) ұйымдастырды.