
Брюссель, 2023 жылғы 17 ақпан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Брюссель дипломатиялық академиясының директоры Гюнтер Гоубломмен және Академияның халықаралық жобалар жөніндегі үйлестірушісі Жан де Браббандермен кездесті.
Талқылау барысында тараптар Қазақстанның Еуропалық одақпен және Бельгиямен ынтымақтастығы, екіжақты сауда мен инвестициялар ағынын арттыру мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Елші сондай-ақ сұхбаттасушыларын Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын дамытудағы рөлінен, елімізде жүзеге асырылып келе жатқан кешенді саяси және экономикалық реформалардан және 2023 жылғы 19 наурызда елімізде өтетін Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға дайындық туралы хабардар етті.
Vrije Universiteit Brussel құрамына кіретін Брюссель дипломатиялық академиясы экономикалық дипломатияға немесе халықаралық бизнеске ерекше назар аудара отырып, сыртқы істер саласындағы мамандарды дайындауға арналған сапалы бағдарламаларды ұсынады.
2022 жылы 17 қазанда ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен ортақ мүдделі салаларда бірлескен бастамалар мен жобаларды әзірлеуге мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.