Бельгияда Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстағы рөлін талқылады

Бельгияда Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстағы рөлін талқылады

Брюссель, 2022 жылғы 25 қараша – Брюссельде қазақстандық және бельгиялық сарапшылар, Еуропалық парламент және басқа да еуропалық институттардың қызметкерлері, дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан аумағындағы ядролық сынақтардың гуманитарлық салдары және ядролық қарусыздану үшін жаһандық қозғалыс» тақырыбында іс-шара өтті.

Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған кездесуде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көрнекті қайраткері, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Куюков пен Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметов сөз сөйледі. Қатысушылар Семей ядролық полигонының, «Невада – Семей» қозғалысының және Қазақстанның ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуының тарихымен, сынақтардың жақын маңдағы аудандар тұрғындарының денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерімен, мемлекетіміздің ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы өзекті бастамаларымен таныстырылып, тақырыптық бейнематериалдардың көрсетілімі өткізілді.

Қонақтардың басты назарына К. Куюковтың ядролық қаруға қарсы тақырыптарды да, Қазақстан мен әлемнің басқа да елдерінің табиғаты мен адамдарына авторлық көзқарасын паш ететеін картиналары ие болды. Туғаннан қолы жоқ, қылқаламды тісіне ұстап сурет салатын атақты қарағандылық суретшінің туындысы бұған дейін БҰҰ аясында Нью-Йорк, Женева, Венада өткен іс-шараларда, сондай-ақ Париж, Берлин, Токио, Хиросима, Нагасаки және әлемнің басқа да қалаларында көрсетілген болатын.

Брюссельде қазақстандық қатысушылар ядролық қарусыздану және таратпау үшін күресте белсенді бельгиялық және еуропалық ұйымдармен жұмыс кездесулерін өткізді.

Сондай-ақ олар төңірегінде XX ғасырдың басында химиялық қару алғаш рет қолданылған Бельгияның Ипр қаласында болды. Бүгінде ол халықаралық «Мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысында маңызды рөл ойнайды. Мэрияда өткен кездесуде бейбітшілік үшін және жаппай қырып-жою қаруының барлық түрлеріне қарсы күресте ынтымақтастық пен өзара қолдау көрсету мүмкіндіктері талқыланды.