Еуропалық одақ астанасында Республика күніне орай қазақстандық қабылдау өтті

Еуропалық одақ астанасында Республика күніне орай қазақстандық қабылдау өтті

Брюссель, 2022 жылғы 7 қараша – Еуропалық одақтың астанасында Республика күніне орай салтанатты түрде Қазақстанның дипломатиялық қабылдауы өтті. Іс-шараға Бельгия Корольдігінің ресми, іскер және академиялық топтарының өкілдері, Еуропалық одақтың атқарушы құрылымдарының жоғары лауазымды тұлғалары, Еуропарламент депутаттары, Брюссельде аккредиттелген дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы және БАҚ қызметкерлері қатысты.

Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан құттықтау сөзінде қонақтарды мемлекетіміздің «Әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі жаңа саяси бағытының негізгі қағидаларымен таныстырды. Отандық дипломат жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар еліміздің саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға және қазақстандық қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын баса айтты.

Елші Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы қарашада Брюссельге ресми сапары үлкен серпін берген Қазақстанның Бельгиямен және Еуропалық одақпен қарым-қатынастарының жоғары қарқынын атап өтті. Қазақстан мен Бельгия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан бері 30 жыл өткен кезеңде елімізге бельгиялық инвестициялар келуінің көрсеткіштері өте жақсы. 2022 жылдың алғашқы 6 айында олардың көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда бірқатар бельгиялық компаниялар табысты жұмыс істеуде және екіжақты сауда айналымын одан әрі кеңейту үшін алғышарттар бар.

Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасы туралы айта отырып, Елші диалогтың жоғары деңгейімен және жүйелілігімен сипатталатын серпінді ынтымақтастықты атап өтті. Осылайша, ол 26-27 қазанда Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишельдің Қазақстанға сапары және оның Орталық Азия мен Еуропалық одақ көшбасшыларының Астанадағы бірінші тарихи кездесуіне қатысуы тараптар арасындағы қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында тараптар арасындағы ынтымақтастықтың көкжиегі айтарлықтай кеңеюде. Қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында Мемлекет басшысының Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен жеке кездесуі және 22 қазанда онлайн келіссөздері өтті. Онда тараптар екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды кезеңді белгілейтін алдағы жылға арналған бірқатар іс-шараларды белгіледі. Ағымдағы жылдың басынан бергі 8 айдың ішінде Қазақстан мен Еуроодақ елдері арасындағы тауар айналымының көлемі былтырғының тиісті кезеңімен салыстырғанда 40% астам артып, 30 миллиардқа жуық АҚШ долларына жеткені көңіл аударарлық.

Кештің мәдени бөлімі аясында танымал отандық «HasSak» тобы концерттік бағдарламамен өнер көрсетті. Ұлттық аспаптардағы шебер орындаушылық өнер мен Ұлы даланың керемет әуендері кеш қонақтарын бей-жай қалдырмады.

Қонақтардың назарына ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдар, музыка мен кітаптар, сондай-ақ еліміз туралы кешенді ақпарат беретін танымдық фотосуреттер қойылған «қазақ мәдениетінің бұрышы» да ұсынылды. Сондай-ақ кешке қатысқандар ұлттық дастарханымызбен танысып, тағамдарынан дәм тата алды.