
Брюссель қ., 2022 ж. 26 қыркүйек – Еуропалық Парламент ғимаратында заманауи Қазақстанға, сондай-ақ оның тарихи-мәдени мұрасына, экономикалық және туристік әлеуетіне арналған тақырыптық көрменің ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.
Аталған іс-шараға Еуропалық Парламенттің негізгі құрылымдарының басшылары мен мүшелері, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі мен Еуропалық Комиссияның ресми тұлғалары, сондай-ақ ЕО астанасында аккредиттелген шетелдік дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Еуропалық одақ жанындағы Қазақстан Республикасы өкілдігінің басшысы және Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан өзінің құттықтау сөзінде "біздің еліміз сауда және мәдениетаралық диалог үшін мүмкіндіктер аша отырып, Азия мен Еуропа арасындағы тарихи байланыстырушы көпір болып табылады," деп атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы елге "Жібек жолының заманауи нұсқасы," көліктік және логистикалық хаб ретінде маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда ол Қазақстан мен ЕО арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында тараптар арасындағы көпжоспарлы қатынастарды жан-жақты нығайтуға шақырды.
Парламентаралық өзара іс-қимыл туралы айта келе, қазақстандық дипломат Еуропарламенттің жетекші саяси топтарымен мазмұнды диалогты атап өтті. Орталық Азия және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Кіші комитеттің мүшелері 2022 жылғы сәуір және тамыз айларында одан әрі диалогты жолға қою және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалар туралы өзекті ақпарат алу мақсатында Қазақстанға сапармен келгені белгілі.
Өз кезегінде, көрменің тең ұйымдастырушысы - Еуродепутат және Әлеуметтік мәселелер және жұмыспен қамту жөніндегі парламенттік комитеттің мүшесі Хельмут Гойкинг аталған іс-шараның өткізілуі Еуропалық Парламенттің депутаттарына, қызметкерлері мен қонақтарына Қазақстанның бірегей тарихы туралы көбірек білуге және қазақ халқының салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, "Қазақстан Еуропалық одақтың саясат, экономика және сауда саласындағы стратегиялық маңызды әріптесі болып табылады". Қазақстан тарихы туралы айта келе, ол "Қазақстан халқы өзінің тарихи жолында көптеген сынақтарға, оның ішінде Семей полигонындағы ядролық сынақтардың қасіретті салдарына тап болғанын және өзіне лайықты құрметке лайық екенін" атап өтті.
Еуропалық одақтың негізін қалаушылардың бірі - итальяндық саясаткер Альтиеро Спинеллидің құрметіне аталған Еуропалық Парламенттің бас ғимаратында ашылған көрме 29 қыркүйекке дейін жалғаспақ және осы уақыт аралығында мәдени және тарихи деректерден хабар беретін иллюстрация 705 еуродепутат пен 5 мыңнан астам қызметкер, сондай-ақ Брюссельдегі ЕП орталық офисіне көптеген келушілер үшін қолжетімді болады.