
Бельгия, Брюссель, 2022 ж. 11-15 қыркүйек -- Қостанайлық ауыл шаруашылығы компанияларының басшылары Бельгияда «Экодайнамикс» және басқа да бельгиялық кәсіпкерлік субъектілерімен келіссөздерді жалғастырды.
Сапар барысында қостанайлық «Аян-Озат» серіктестігінің басшысы Валерий Розумович Қазақстанда «Бельгиялық ақ-көк» және басқа да ірі қара мал тұқымдарын өсіру саласындағы ынтымақтастықтың келешегін атап өтті.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің қолдауымен өткен келіссөздер қостанайлық ет өндірушілерге бельгиялық ірі шаруашылықтардың жұмысымен танысуға мүмкіндік берді.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұханның айтуынша, қазақстандық және бельгиялық фермерлер арасындағы тікелей байланыстар мен озық тәжірибе алмасу отандық мал шаруашылығында заманауи технологияларды қолдануға септігін тигізері сөзсіз.
Өз кезегінде бельгиялық «Экодайнамикс» компаниясының өкілі Роланд Ванкаувенберге агроөнеркәсіптік кешендегі Қазақстан-Бельгия ынтымақтастығы екі елдің шаруа қожалықтары арасындағы коммерциялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетінін баса айтты.
Ү.ж. қазан айында «Экодайнамикс» Астанада өтетін KazAgro/KazFarm 2022 халықаралық көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр.
Тараптар бельгиялық биостимуляторларды және асыл тұқымды мал тұқымын өсірудің заманауи технологияларын енгізу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.