ҚР Премьер-Министрінің орынбасары -- қаржы министрі бастаған делегация Брюссельде кездесулер өткізді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары -- қаржы министрі бастаған делегация Брюссельде кездесулер өткізді

Бельгия, Брюссель, 2022 ж. 16 қыркүйек -- Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жұмаубаев бастаған, құрамында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғалымжан Пірматов пен АХҚО төрағасы Қайрат Келімбетов бар делегация «Euroclear» халықаралық клиринг жүйесінің басшылығымен мақсатты кездесу өткізді.

Кездесу барысында, шетелдік инвесторларды тарту мақсатында, қазақстандық қор нарығының бағалы қағаздар нарығына қызмет көрсетудің заманауи цифрлық үлгілерін енгізумен Euroclear платформасын пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды.

Тараптар Қазақстанның қаржы институттары мен Euroclear арасында қазақстандық қор нарығының жоғары деңгейде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған жемісті және сенімді байланыстар орнатылғанын атап өтті.

Еуропалық қаржыгерлер Euroclear қаржылық қызмет көрсету саласындағы озық шешімдерді қазақстандық қор нарығына одан әрі интеграциялауды қолдайтынын атап өтті.

Сындарлы диалогтың нәтижелері бойынша тараптар бірлескен жұмысты жандандыруға және «Euroclear» халықаралық клиринг жүйесін қазақстандық қор нарығына енгізу мақсатында жұмыс тобын құруға келісті, ол қазақстандық қор нарығының дамуына және шетелдік инвесторлардың келуіне қосымша серпін береді.