Қазақстандық делегация есірткі мәселесі бойынша диалогқа қатысты

Қазақстандық делегация есірткі мәселесі бойынша диалогқа қатысты

БРЮССЕЛЬ, 2022 жылғы 7-8 шілде - Бас прокуратура мен ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері Брюссельде «Орталық Азия – Еуропалық Одақ есірткі мәселелері бойынша диалогтың» бірінші отырысына қатысты.

Еуропалық кеңесте Чехия төрағалығының (1 шілде 2022 ж. - 31 желтоқсан. 2022 ж.) бастамасы бойынша ұйымдастырылған іс-шара есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі және психотроптық заттарды тұтынудың алдын алу саласында ОА және ЕО елдерінің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталған. Диалогтың алғашқы отырысы CADAP бағдарламасы - ЕО-ның есірткіге сұранысты қысқарту саясатын әзірлеуде Орталық Азия елдеріне қолдау көрсететін ОА-да есірткінің таралуын болдырмау жөніндегі бастамасы негізінде ұйымдастырылды.

Екі күндік талқылау барысында тараптар есірткі трафигіне қарсы күрес, жұмыс әдістері мен саясатын жаңа сын-тегеуріндерге бейімдеу бойынша өзекті ақпаратпен алмасты. Есірткіге тәуелді адамдарға қолдау көрсету, сондай-ақ осал топтарды қорғау жөніндегі әлеуметтік саясатты жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Орталық Азия мемлекеттерінің аумағы арқылы есірткі транзитінің, сондай-ақ жастар арасында синтетикалық заттардың таралу қаупі тараптардың алаңдаушылығын тудыратыны айтылды.

Өз сөзінде қазақстандық қатысушылар қазіргі уақытта Қазақстанда есірткіні медициналық емес мақсатта пайдалануды декриминализациялау мәселесі қаралып жатқанын, Интернет желісінде тыйым салынған заттардың таралуына қарсы күрестің жаңа әдістері зерделеніп жатқанын хабарлады.

Еуропалық ведомстволармен есірткіні таратудың цифрлық құралдарымен күрес саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы, атап айтқанда, осы мақсаттар үшін озық бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, заңсыз кірісті заңдастыруға қарсы іс-қимыл, төлемдерде криптовалюта қолдану және басқа елдердің осы бағыттардағы табысты тәжірибесін зерделеу атап өтілді.

Талқылау барысында Орталық Азия елдері, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Кабул офисі, Интерпол, ЕО-ға мүше елдердің ұлттық агенттіктері және т.б. өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.