
РЕЙКЬЯВИК, 2022 жылғы 17 маусым – Қазақстанның Исландиядағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен, жергілікті қоғамдық және іскерлік топтармен келіссөздер жүргізу үшін, сондай-ақ Қазақстанның Исландиядағы Құрметті консулдығын ресми түрде ашу үшін пандемиядан кейінгі кезеңде Рейкьявикке алғашқы сапармен барды. Исландиялық тараптың шақыруы бойынша ол сондай-ақ Исландияның Ұлттық күніне арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.
Е.Ыдырысов исландиялық әріптестерін ү.ж. 5 маусымдағы республикалық референдумның қорытындылары, ҚР Конституциясындағы негізгі өзгерістер, сондай-ақ Қазақстанда іске асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалардың кең ауқымды бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Исландия тарапына еліміздегі шетелдік бизнес үшін ашылып жатқан жаңа инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынылды. Екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейту жөніндегі бірқатар бастамалар талқыланды. Оның ішінде әуе қызметтері, қосарланған салық салуды болдырмау, инвестицияларды өзара қорғау және визалық режимді жеңілдету туралы келісімдер талқыланды.
ҚР Елшісі «Arctic Green Energy» компаниясының басшылығымен жеке кездесу өткізіп, Исландияның жаңартылатын энергия көздерін және «жасыл» технологияларды дамыту саласындағы тәжірибесін, сондай-ақ Қазақстанда геотермалдық энергетиканы дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қазақстанның Исландиядағы Құрметті консулдығын аша отырып, Е.Ыдырысов екі ел арасындағы ынтымақтастықты барлық бағыттар бойынша одан әрі арттыру қажеттігін атап өтіп, «Arctic Green Energy» компаниясының топ-менеджері, ҚР-ның Рейкьявиктегі Құрметті консулы Сигурдур Атли Йонссонның осы міндетті жүзеге асырудағы маңызды рөлін атап өтті.