
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов және Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ермек Қожабергенов Брюссель қаласына Дүниежүзілік кеден ұйымының 2022 жылғы 23-25 маусым аралығында өткен 139/140 отырысына қатысты.
Халықаралық кеден қауымдастығының басты іс-шарасы қарсаңында қазақстандық делегация Бельгия Корольдігінің кеден және акциз бас басқармасының басшысы Кристиан Вандерваренмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар кеден саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Тауарлардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету және халықаралық сауданы қолдау мақсатында, әсіресе жаһандық пандемиядан кейін ұлттық экономикалардың қалпына келуі жағдайында өзара тиімді серіктестікті нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы К.Микурия мен ДКҰ Кеңесіне қатысу үшін келген Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы делегациялары арасында жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында К.Микурия Орталық Азияның әлемдік экономиканың дамуындағы маңызды рөлін атап өтіп, аймақ елдері Қытай-Еуропа бағыты бойынша жүктердің трансшекаралық қозғалысын қамтамасыз етуде лайықты орын алатынына сенім білдірді. Кездесуге қатысушылар Орталық Азия елдері арасында тасымалданатын тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасу жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.
ДКҰ Кеңесінің отырысында қатысушылар өткен қаржы жылындағы ұйым жұмысының түрлі бағыттары бойынша іс-шаралардың қорытындысын шығарып, перспективалық бағыттарды белгіледі. Пікірталас ДСҰ-ның 2022-2025 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, электронды коммерция, ақпараттық технологияларды дамыту, COVID-19 пандемиясының салдарын жеңілдетудегі және маңызды тауарлардың трансшекаралық қозғалысын жеңілдетудегі кеденнің рөліне арналды.
Кеңестің отырысы барысында ұйымның Бас хатшысының орынбасарын сайлау, оған мүше елдер арасында ДКҰ-ның негізгі жұмыс органдарына – Саяси комиссияға, Қаржы комитетіне, Тексеру комитетіне мүшелікті бөлу, сондай-ақ аймақтардың төрағасының орынбасарлары мен ДКҰ Кеңесінің төрағасын сайлау рәсімдері өтті.
Қазақстан Республикасы 2022-2023 қаржы жылына Еуропалық аймақтың «Шығыс» суб-аймағынан Қаржы комитетінің мүшесі болып сайланды. Қаржы комитеті ДКҰ қызметінің негізгі бағыттарын қаржыландыруды анықтайды, кеден ісі саласындағы халықаралық стандарттарын бекітеді, ұйым қызметінің тиімділігін бағалайды және кеден ісі саласындағы стратегиялық бағыттарында басқа да мәселелерді қарастырады.