
БРЮССЕЛЬ, 2022 жылғы 15 маусым – «Ақтау теңіз сауда порты ҰК» АҚ «порттардың экологиялық сараптама жүйелері» сертификатын және теңіз порттарының Еуропалық ұйымының «Экопорт» мәртебесін иеленген Қазақстандағы алғашқы порт болды.
Бұл туралы «Ақтау теңіз сауда порты ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Абай Түрікпенбаев 15 маусымда Брюссельде өткен «Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы транзиттік-көліктік ынтымақтастық: Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту перспективалары» форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Сертификаттау ЕҚЫҰ-ның порттар мен порт терминалдарындағы экологиялық менеджменттің халықаралық танылған стандарты – «EcoPorts» жобасы шеңберінде жүргізілген.
2019 жылы басталған ЕҚЫҰ жобасы теңіз және трансконтиненталдық жүк тасымалдарының инфрақұрылымын дамытуға, цифрландыруды енгізу арқылы кедендік рәсімдерді оңайлатуға, отандық мамандарды даярлау мен оқытуға бағытталған. Сертификат еуропалық порттармен өзара қарым-қатынасты кеңейтуге мүмкіндік береді және порттардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға, сондай-ақ Каспий өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға ынталандырады.
Ендігі кезекте жасыл сертификаттаудан өту бойынша тиісті жұмыстар Құрық портында да жүргізілуде.
Өз кезегінде, ірі халықаралық сауда нарықтарының қиылысында орналасқан Ақтау порты өзінің техникалық параметрлері мен құрылған бизнес-процестері бойынша қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Терминал құрамына қойма алаңдары, әмбебап құрғақ жүк айлақтары мен мұнай құю айлақтары, сондай-ақ өткізу қабілеті жылына 700 мың тонна және бір мезгілде 25 мың тоннаға дейін астық сақтайтын астық терминалы кіреді.
Халықаралық сауда жолдары мен жеткізу тізбектерінің ағымдағы өңірдегі саяси-экономикалық жағдайға бейімделуі аясында биыл қазақстандық порттардың қызметтеріне сұраныс күрт өскен.
Мәселен, Ақтау портында 2022 жылдың бес айында жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2021 жылдың тұтас көрсеткішін қазірдің өзінде 97% пайызға орындаған. (2022 ж. 5 айда 1 534 мың тонна, ал 2022 ж. бойы 1 594 мың тонна), ал контейнерлерді ауыстырып тиеу қазірдің өзінде былтырмен салыстырғанда 115%-ға (16 267 ЖФЭ) өсті.
Құрық портында 2022 жылдың басынан бастап ауыстырып тиеу көлемі 2021 жылдың тұтас көлемінің 70%-дан асқан (2022 жылдың бес айында 700 мыңнан астам, ал 2021 жылы 1 млн. тонна).
Терминал қызметтеріне сұраныстың өсуін ескере отырып, қазіргі уақытта Ақтау порты Орталық Азия өңіріндегі көлік ағындарын трансформациялауға арналған контейнерлік хаб құруда. Сондай-ақ, Ақтау-Баку-Ақтау бағытындағы қазіргі 5 фидерлік кемеге жыл соңына дейін екі қосымша мамандандырылған контейнер тасығышты тарту жоспарлануда.
Сонымен қатар, Брюссельде өткен іс-шара аясында қазақстандық порттар қызметкерлерінің Бельгияның Антверпен порты жанындағы инфрақұрылымды басқару бойынша оқу курстарына жіберу мүмкіндігі талқыланды.
Форумнан бір күн бұрын, ТХКБ, ТРАСЕКА және Қазақстан порттары басшыларының делегациясы Антверпен портына техникалық сапармен барды. Бұл бельгиялық хаб әлемдегі ең ірі 20 порттың қатарына кіреді және Нидерландыдағы Роттердам портынан кейін ЕО-да екінші ірі порт болып саналады.