Брюссельде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту перспективаларын талқылады

Брюссельде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту перспективаларын талқылады

БРЮССЕЛЬ, 2022 ЖЫЛҒЫ 15 МАУСЫМ – Транскаспий халықаралық көлік бағытын («Транскаспий бағыты») кеңейту және халықаралық логистикалық жүйеге интеграциялау арқылы Еуропа мен Азия арасындағы сауда қатынастарын нығайту мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның көлік хабы ретіндегі рөлі Брюссельде өткен форумда талқыланды.

Еуропарламент, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының (ТХКБ) қолдауымен Қазақстанның ЕО жанындағы Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған шара Еуроодақ астанасында аталған көлік бағытының болашағын талқылаған алғашқы форум болды. Қазақстан аумағы мен порттары арқылы өтетін, халықаралық алаңда «Орта дәліз» ретінде танымал көлік дәлізі Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа елдеріне жол ашады.

Бүгінде Еуразия құрлығының сауда-логистикалық конфигурациясында орын алып жатқан тегеурінді өзгерістер нәтижесінде Транскаспий бағыты Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдаудың негізгі құрлық дәлізіне айналған. Дәлізге қатысушы-компаниялар жүк тасымалы көлемінің және дәліз қызметтеріне сұраныстың күрт артқанын алға тартуда. Брюссельге шараға қатысуға және дәлізге мүше 11 компанияның өкілдерімен және қазақстандық теміржол көлігі саласының басшыларымен іскерлік кездесуге келген еуропалық көлік-транзит саласындағы компаниялардың іс-шара,ға деген үлкен қызығушылығы мұның бір дәлелі болып табылады.

Атап айтқанжа, шараға Еуропа мен Оңтүстік Кавказ өңірінің 18 елінен 150-ден астам сарапшылар, саясаткерлер, дипломаттар, сондай-ақ 80 компанияның өкілдері қатысты. Брюссельге қазақстандық делегация құрамында ТХКБ және TRACEКA бас хатшыларымен қатар «KTZ» ҰК» АҚ, «KTZ Express», «KTZ Express Hong Kong Limited», Ақтау және Құрық порттары, «Қазтеңізкөлікфлоты» АҚ және т.б. басшылары келді.

Қатысушылар арасында оннан астам халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕИБ, ЕҚДБ, Энергия хартиясы ұйымы, OSJD, ТХКБ, ТРАСЕСА, WCO және т.б)., сондай-ақ Еуропаның теміржол бірлестіктерінің өкілдері («Community of European Railway and Infrastructure Companies», «Reilfreight», «FERRMED») қатысты.

Іс-шараға халықаралық теміржол көлігі саласындағы қазақстандық сарапшы, Брюссельдегі TRACECA өкілі Лейла Батырбекова модераторлық етті.  

Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан құттықтау сөзінде «елдің транзиттік бағыттарын дамыту және әртараптандыру Жаңа Қазақстан үшін басым мәселе болып қала беретінін» атап өтті. Ол 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев транзиттік ағындарды кеңейтуге және аймақ елдерінің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін көлік инфрақұрылымына шамамен 20 млрд. АҚШ долларын инвестициялау жоспарын жариялағанын атап өтті.

Форумда сөз сөйлеген Еуропалық Сыртқы істер қызметінің (EEAS), Еуропалық Комиссия Бас Директоратының және ЕО Көлік жөніндегі комиссары кабинетінің өкілдері бірауыздан ЕО-ның «Қазақстан Республикасымен және дәліз қатысушыларымен көліктік-транзиттік ынтымақтастықты дамытуға» мүдделі екенін мәлімдеді. Бұл тұрғыда Қазақстан мен ЕО арасындағы саяси деңгейдегі сенімді қарым-қатынас көлік саласындағы ынтымақтастыққа қосымша оң серпін беретіні атап өтілді.

Еуропарламент депутаты Богуслав Либерацки өз сөзінде Еуропалық Одақтың «Global Gateway» стратегиясы аясында Брюссель әлем елдерімен, оның ішінде, Орталық Азия және Қазақстанмен көлік байланысын дамытуды жоспарлап отырғанын айтты. Жалпы бюджеті 300 миллиард еуродан асатын стратегия ЕО серіктестерімен арадағы транзиттік байланысты жақсартуға бағытталған.

EEAS Басқарушы директорының орынбасары Люк Девинь өз сөзінде көлік және транзит саласы Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімде (EPCA) бекітілген ынтымақтастықтың 29 бағытының маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті. ЕО аймақтағы ең ірі сауда-экономикалық серіктес Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі және біздің елмен транзиттік ынтымақтастықты нығайту «Global Gateway» және ЕО-ның Орталық Азиямен өзара іс-қимыл стратегиясы секілді ЕО-ның негізгі стратегиялық құжаттарында бекітілгенін атап өтті. Еуропалық дипломат жоғары деңгейдегі тұрақты диалог, саяси тұрақтылық және Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың мәні тараптар арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Еуропалық Көлік комиссары кабинетінің мүшесі Пабло Фернандестің айтуынша, «2013 жылдан бері тасымал көлемі жыл сайын екі есе артып келе жатқан Қытай мен Еуропа арасындағы жүк транзитінде Қазақстан қазірдің өзінде шешуші рөл атқарады».

Еуропалық Комиссияның Көлік жөніндегі бас дирекциясының басшысы Харви Роуз ЕО мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстары бойынша ЕҚДБ зерттеуінің егжей-тегжейлері туралы айтып берді. Нәтижелері 2023 жылдың басына қарай күтілетін зерттеу дәстүрлі инфрақұрылым және цифрландыру, ережелер мен тарифтерді («жұмсақ инфрақұрылым») үйлестіру тұрғысынан Транскаспий бағытына инвестициялаудың мүмкіндіктерін, жетілдіруді қажет ететін тұстарын және қажеттіліктерін анықтайды.

ТХКБ  Бас хатшысы Гайдар Әбдікерімовтің айтуынша, қазіргі уақытта Ұйымның мүшелігін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде және Батуми және Поти порттарынан Румынияның Констанца портына дейін тасымалдауды ұйымдастыру белсенді түрде талқылануда.

Өз кезегінде Болгарияның Варна және Бургас порттарының басқарушы компанияларының бас директоры ТХКБ қауымдастығымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ логистика жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Қойшыбаев қатысушыларды қазақстандық теміржол өкілдері экспорттық бағыттарды әртараптандыруға, оның ішінде Транскаспий бағытын белсенді қолдануға баса назар аударатынын атап өтті. Ол «бүгінгі таңда тұтас дәліз аясындағы өткізу қабілетін арттыру және инфрақұрылымды жаңарту бойынша жұмыс басталып кетті» деді.

Форум қатысушылары көлік-логистикалық байланыстарды табысты дамыту үшін көлік саласына қатысушылар арасында тұрақты диалог жүргізу және тікелей байланыстарды орнату қажет деген ортақ пікірге келді. Осы тұрғыда қазақстандық және еуропалық форумға қатысушылар арасында маңызды тікелей байланыстар орнатылғанын атап өткен жөн.

форумның маңызды практикалық нәтижелері арасында Еуропалық инвестициялық банкінің «ҚТЖ» ҰК АҚ көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ Қазақстан порттарының қызметкерлерін Атверпен порты жанында порт инфрақұрылымын басқару курстарында оқыту жобасы қаралды.