Люксембургте Жаңа Қазақстанның дамуы талқыланды

Люксембургте Жаңа Қазақстанның дамуы талқыланды

Ү.ж. 7 маусымда Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Люксембургте саяси және экономикалық құрылымдардың өкілдерімен, сондай-ақ қазақ диаспорасымен бірқатар кездесулер өткізді.

Люксембург Парламенті Депутаттар палатасының Сыртқы және Еуропалық істер, ынтымақтастық, иммиграция және босқындар жөніндегі комитетінің төрағасы, LSAP партиясының төрағасы Ив Крюхтенмен кездесу барысында тараптар Люксембург депутаттарының Қазақстанға сапарларын ұйымдастыру мүмкіндігін, сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытуды талқылады.

Өз кезегінде, қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға ҚР Президенті Қ.Тоқаев бастаған саяси реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, көлік-логистикалық мүмкіндіктері мен Қазақстанның цифрландыру деңгейі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. М.Баймұхан Люксембург парламентарийінің ерекше назарын Жаңа Қазақстанның қалыптасуына, демократия, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам институттары қағидаттарын нығайтуға бағытталған республикалық референдум нәтижелеріне аударды. 

И.Крюхтен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға мүдделі екенін айта келе, республикалық референдумның өткізілуі Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен экономикасының тұрақтылығын айғақтайтынын атап өтті.

Люксембург СІМ Протоколының басшысы Беатрис Кирш ханыммен кездесу барысында Қазақстан өкілдерінің қатысуымен өтетін алдағы екіжақты және көпжақты іс-шаралардың ұйымдастырушылық және протоколдық мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ қазақстандық дипломат «Arendt & Medernach SA» партнері Макс Кремермен кездесіпжаһандық саяси және экономикалық турбуленттілік жағдайында қазақстандық және люксембургтік компаниялар арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту, алдағы Люксембург кәсіпкерлерінің Қазақстанға іскерлік миссиялары, сондай-ақ екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.

 Люксембургтік сарапшы «Arendt & Medernach SA» компаниясының қазақстандық серіктестермен белсенді ынтымақтастығын, оның ішінде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірлескен жұмысты атап өтіп, екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектесуге дайын екенін білдірді.

Сапардың шеңберінде, Қазақстанның Люксембургтегі Құрметті консулдығында Люксембургте алдағы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері, сондай-ақ екіжақты экономикалық бастамалар талқыланды.

Өз кезегінде, «Arcelor Mittal» компаниясының ТМД елдері бойынша Бас атқарушы директоры Виджай Гойяль Қазақстан Елшісін қазақстандық бөлімшесінің технологиялық жаңғыртылуымен, сондай-ақ компанияның Қарағанды облысындағы әлеуметтік бастамаларымен таныстырды.

«Paul Wurth» және «SMS Group» өкілдерімен кездесу барысында компаниялардың аға вице-президенттері Сальвадор Кано мен Кристиан Шварц Қазақстандағы, сондай-ақ Еуропа, Америка және Азиядағы көп жылдық қызметінің нәтижелерімен таныстырды. Люксембург топ-менеджерлері компанияның қазақстандық нарықтағы қызметін жандандыруға мүдделі екенін, сондай-ақ зиянды заттардың шығарындыларын азайтуда қазақстандық кәсіпорындарға көмек көрсетуге бағытталғанын атап өтті. М.Баймұхан Люксембург мамандарының ҚР-дің 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Доктринасы аясында жасыл технологияларды дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Сапар аясында Елші М.Баймұхан Люксембургте қазақ тағамдарын ұсынатын алғашқы мейрамхананың ашылуына да қатысты. Мекеменің қазақстандық иелері Люксембургтегі қазақ диаспорасының бастамаларын қолдағаны үшін Қазақстанның Елшілігіне алғыстарын білдірді.