Люксембургте алғашқы сімаралық консультациялар өтті

Люксембургте алғашқы сімаралық консультациялар өтті

Люксембург, 2022 жылғы 5 мамыр – Қазақстан мен Люксембург қазақстандық дипломатия тарихында алғаш рет сімаралық консультациялар өткізді. Қазақстан мен Люксембург арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменов екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультацияларға қатысты. Люксембург делегациясын Люксембург Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Саяси департаментінің директоры Вероника Доккендорф басқарды.

Консультациялар барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша «сағаттарды салыстырып тексеру» жүргізді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде, сондай-ақ Еуропалық Одақпен өзара іс-қимыл желісі бойынша Нұр-Сұлтан мен Люксембург арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылауға ерекше назар аударылды.

Қазақстандық дипломат Люксембург тарапын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатырған «Жаңа Қазақстанды» құруға, сондай-ақ Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар және алдағы конституциялық референдум туралы хабардар етті. Осы тұрғыда тараптар екі елдің парламентаралық диалогын жолға қоюға жан-жақты ықпал етуге уағдаласты.

Люксембург тарапы жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіріп, адам құқықтары мен сөз бостандығын сақтаудың және азаматтық қоғамды дамытудың маңыздылығына назар аудара отырып, осы салада одан әрі практикалық көмек көрсетуге дайын екенін растады.

Тараптар Люксембург әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде танылған қаржы, жоғары технологиялар, ғарыш өнеркәсібі, цифрландыру және жасыл энергетика салаларындағы жаңа жобаларды іске асыру арқылы өзара тауар айналымын арттыру қажеттігін атап өтті.

О.Сүлейменов пен В.Доккендорф халықаралық қоғамдастықтың Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтату және мұқтаж адамдарға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін талқылады.

Іс-шара соңында делегация басшылары Қазақстан - Люксембург ынтымақтастығының үдемелі дамуына қанағаттанушылық білдіріп, екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына (1992 ж.29 маусым) арналған бірқатар бірлескен іс-шаралар өткізуге келісті.

Люксембург- Жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша бүкіл әлемде бірінші орында тұр (Дүниежүзілік банкіне сай 122,740 АҚШ доллары). Люксембургтегі жұмыссыздық деңгейі 40 жылдан бері Еуропадағы ең төмен болып саналады. Ең тиімді бизнес жүргізетін елдер тізімінде Люксембург үздік үшінші орында тұр. Люксембург әлемдегі ең ірі қаржы және бизнес орталықтарының бірі болып табылады. Елде Еуропалық инвестициялық банктің штаб-пәтері орналасқан, сондай-ақ 150 басқа банктер жұмыс істейді.

29 маусымда Қазақстан мен Люксембург дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеді. Осы кезеңде елдер екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және нығайту бағытында айтарлықтай қадамдар жасады.