Брюссельде бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалогты дамыту мәселелері талқыланды

Брюссельде бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалогты дамыту мәселелері талқыланды

Брюссель, 2022 жылғы 4 мамыр – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі қарсаңында, Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі, Н.Назарбаевтың Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығымен бірлесіп, «Бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Қазақстан тарапынан іс-шараға Брюссельдегі ҚР Елшісі Марғұлан Баймұхан, Н.Назарбаев атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Есімов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті Юлия Шаповал қатысты. Бельгия тарапынан  дөңгелек үстелде Бельгияның мұсылмандар атқарушы органының үйлестірушісі Абделазиз Эль Аухаби, Еуропарламенттің экс-депутаты Франк Швальба-Хот, Брюссель Дипломатиялық академиясының үйлестірушісі Жан де Брабандер қатысты. Іс-шараға Брюссель халықаралық зерттеулер мектебінің Ислам және Таяу Шығыстану пәнінің бұрынғы оқытушысы, PhD (Оксфорд университеті) Марат Тертеров модераторлық етті.

Дөңгелек үстелді аша отырып, ҚР-дің Бельгиядағы Елшісі М.Баймұхан бейбіт диалог мәдениетін қалыптастыру қазіргі заманның негізгі құндылықтарының біріне айналып келе жатқанын атап өтіп, Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер конгресінің маңыздылығын атап өтті. Осы мәселенің талқылануы ҚР мен еуропалық институттардың арасында ынтымақтастықтың жаңа перспективалық саласына айналуы мүмкін деп айтты.

Өз кезегінде, Н.Назарбаев атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Н.Есімов Орталық атқаратын қызметінің негізгі бағыттарына назар аударып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тұжырымдамалық идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілету, сонымен қатар, 2022 жылдың қыркүйегінде өтетін VII Съезге дайындықтың шеңберіндегі іс-шаралар туралы айтты. Сондай-ақ, Н.Есімов Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі Қазақстанның жаһандық дінаралық үнқатысу үдерісіне қосқан елеулі үлесіне айналғанын және халықаралық аренада келісім мен толеранттылық, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтуда әлемдік қауымдастықта ерекше орын алғанын атап өтті.

Бельгияның мұсылмандар атқарушы органының үйлестірушісі А.Эль Аухаби әлемдегі барлық діндердің болашағы бір-бірімен тығыз байланысты екенін және экстремизм конфессияаралық диалогқа қауіп төндіретін айтты.

Еуропарламенттің экс-депутаты Ф.Швальба-Хот қалыптасқан «діни толеранттылықтан» бөлек, «діни көзқарастарды құрметтеу» тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Осы ұсыныстың бір бөлігі ретінде Швальба-Хот мырза әлемдегі барлық діндерге тең қатынастың маңыздылығын атап өтті.

Брюссель Дипломатиялық академиясының үйлестірушісі Ж.де Брабандер қатысушылардың назарын дүниежүзіндегі діндердің бейбітшілік пен келісім қағидаттары негізінде құрылғанына, яғни кез келген нысандағы қақтығыстар діннің мағынасына қайшы келетініне аударды.

Өз кезегінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті Ю.Шаповал өз зерттеуінің нәтижелері туралы айтты, оның нәтижелері бойынша пандемия кезінде адамдар өз дініне көбірек мән беріп, дұға арқылы қолдау іздей бастағанын көрсетті.

Брюссель халықаралық зерттеулер мектебінің Ислам және Таяу Шығыстану пәнінің бұрынғы оқытушысы, Ph.D. М.Тертеров діни білім беру саласындағы бірқатар елеулі қате пікірлерді мысалға келтіріп, халықаралық қауымдастықты конфессияаралық және өркениетаралық түсіністік мәселесіне жіті назар аударуға шақырды.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық деңгейде конфессияаралық және өркениетаралық диалогты, әсіресе, пандемия салдарын еңсеру, сондай-ақ бейбітшілік пен өзара түсіністік жолында этносаралық және конфессияаралық келісімді қажет ететін аймақтық қақтығыстарды шешу жөніндегі бірлескен күш-жігер аясында, ілгерілетудің маңыздылығына назар аударды.