Люксембург Сауда палатасы қазақстандық компаниялармен сауда-экономикалық байланыстарын арттыруға ниетті

Люксембург Сауда палатасы қазақстандық компаниялармен сауда-экономикалық байланыстарын арттыруға ниетті

Люксембург, 2022 жылғы 28 сәуір – ҚР Елшісі М.Баймұхан Люксембург Сауда-өнеркәсіп палатасы Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Синди Теребамен кездесті. Кездесу барысында тараптар қазақстандық және люксембургтік шаруашылық субъектілері үшін бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Қазақстандық дипломат Люксембург Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастаған ҚР-де бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуға бағытталған реформалармен таныстырды. Елші ҚР мен ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы көлік-логистикалық коммуникацияларды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды Сондай-ақ Люксембург тарапын Алматыда өкілдік ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Өз кезегінде С.Тереба Люксембург іскерлік делегациясының ҚР-ға сапарын дайындауға, сондай-ақ Қазақстан аймақтарының экономикалық тартымдылығы туралы презентациялық іс-шараларын ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

Сондай-ақ ҚР Елшісі М.Баймұхан Люксембургтегі ең ірі «Бернар-Массард» шарап зауытында болып, оның бас директоры Антуан Классенмен кездесті. Люксембургтік кәсіпкер биылдан бастап Қазақстанның Люксембургтегі Елшілігінің көмегімен «Бернар-Массард» компаниясы өз өнімдерін ҚР-ға жеткізе бастағанын атап өтті. Аталған кәсіпорын 3 миллионнан астам түрлі сортты бөтелкедегі шарап шығарып, өз өнімдерін әлемнің 25 еліне экспорттайды.