Еуропалық Парламент Қазақстанмен энергетикалық әріптестікті тереңдетуге мүдделі

Еуропалық Парламент Қазақстанмен энергетикалық әріптестікті тереңдетуге мүдделі

Брюссель, 2022 жылғы 28 сәуір - Бүгін Еуропалық Одақ жанындағы Қазақстан Республикасы миссиясы басшысының орынбасары Тимур Сұлтанғожин Еуропалық Парламенттің (ЕП) «Турбулентті кезеңдегі энергетикалық қауіпсіздік: Еуропалық энергетикалық транзитты қамтамасыз етуге арналған көпжақты дипломатия» атты дөңгелек үстелінде сөз сөйледі.

Іс-шара ЕП Ресеймен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының төрағасы – ЕП-дағы Қазастан-ЕО достық тобының басшысы Рышард Чарнецкийдің (Польша, Еуропалық консерваторлар мен реформашылар) бастамасы бойынша өткізілді.

Форум жұмысына Румынияның бұрынғы Президенті - ЕП Украинамен ынтымақтастық жөніндегі делегациясы төрағасының орынбасары Траян Бассеску (Еуропалық халық партиясы), ЕП Орталық Азия және Монғолиямен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының төрағасы Фульвио Мартушелло (Италия, еуропалық халық партиясы), ЕП-дағы негізгі партия топтарының саяси кеңесшілері, энергетикалық қауіпсіздік саласындағы жетекші еуропалық зерттеушілер, БАҚ және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Халықаралық Энергетикалық нарықтың, құбыр дәліздерінің ағымдағы жай-күйі мен дамуына, сондай-ақ Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты энергетикалық ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты кең пікір алмасулар мен болжамды бағалаулар орын алды.

Өз кезегінде, Т. Сұлтанғожин форумға қатысушылар мен қонақтарды Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда-экономикалық және энергетикалық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Қазақстандық биліктің қазақстандық энергетикалық секторды және оның инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі күш-жігері ерекше қызығушылық тудырды.

Т. Сұлтанғожин еуропалық институттар мен компанияларды екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа перспективалық бағыттарын іздестіру үшін, оның ішінде озық тәжірибемен алмасу және жаңартылатын энергия көздері мен сутекті дамыту саласындағы технологиялар трансферті мақсатында ҚР-ЕО Кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.

Өз кезегінде, Еуропалық Парламент депутаттары Р. Чарнецкий мен Ф. Мартушелло ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2060 жылға дейін еліміздің көміртекті бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, Еуропалық Парламенттегі әріптестерін ҚР мен ЕО арасындағы өзара тиімді энергетикалық диалогты нығайтуға жәрдемдесуге шақырды.

Оған қоса, аталған тұлғалар 2022 ж. 12 сәуірде өткен ҚР-ЕО парламенттік ынтымақтастық комитетінің 19-шы отырысына қатысу мақсатында ЕП делегациясының Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына сапарының қорытындыларын оң қабылдады.