
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Еуропарламент депутаттарымен кездесті.
Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің кіріспе сөзінде Еуропалық Одақпен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Біз Еуропарламент депутаттарымен демократияландыру, заң үстемдігін және адам құқықтарын қамтамасыз ету салаларында ауқымды мәселелер бойынша ашық әрі сындарлы диалогқа дайынбыз. Қазір Қазақстан жаңа тарихи кезеңде тұр. Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен маңызды саяси және демократиялық реформалар жүзеге асуда. Еліміздің Президенті соңғы екі жыл ішінде саяси қайта құруды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды көздейтін реформалардың төрт топтамасы бойынша дәйекті түрде бастама көтерді», - деді ол.
Сенатор Құл-Мұхаммед Еуропарламент депутаттарына Қазақстандағы өткен жылы қабылданған заңдар мен бастамалар туралы айтып берді. Атап айтқанда, Венеция комиссиясының стандарттарына сәйкес келетін «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» және өлім жазасын толығымен жою туралы заңдар қабылданғаны айтылды. Мемлекет басшысы қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін елімізді жаңғырту мен жаңартуды көздейтін «Жаңа Қазақстанды» құру реформасын жария етті.
«Олардың қатарында суперпрезиденттік басқару нысанынан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу, Сенаттың құрылу тәртібі мен міндетін қайта қалыптастыру, Мәжілістің мәртебесі мен рөлін арттыру, саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату, облыс әкімдерін балама негізде тағайындау, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және т.б. бар», - деп атап өтті сенатор Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар, Еуропа елдерінің парламентшілерімен әңгіме барысында тараптар адам құқықтары мен заң үстемдігіне қатысты мәселелерді, Еуропарламенттің Қазақстан бойынша қарарларын және т.б. талқылады.
Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, Қазақстан Парламенті Еуропалық Парламентті демократиялық құндылықтар мен заң үстемдігін ілгерілету жөніндегі маңызды әріптес ретінде қарастыратынын, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы өз міндеттемелерін берік ұстанатынын және халықаралық ҮЕҰ-мен және Еуропалық Парламент депутаттарымен диалог пен ынтымақтастық үшін ашық екенін атап өтті.