Үздік рейтингтегі KU Leuven университеті қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа мүдделі

Үздік рейтингтегі KU Leuven университеті қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа мүдделі

2022 ж.15 наурыз, Левен қаласы – Қазақстанның Елшісі М. Баймұхан Бельгияның көне жоғары оқу орны "KU Leuven" Левен Католик университетінің вице-ректоры Крис Ван Гитпен және Халықаралық қатынастар директоры Барт Хендрикпен кездесті.

Кездесу барысында Бельгия университетінің білім беру бағдарламасы және қазақстандық студенттер үшін оқу мүмкіндіктері таныстырылды. KU Leuven басшылығының мәліметіне сәйкес, ЖОО-да 80-ге жуық қазақстандық түрлі бағдарламалар бойынша оқып шыққан.

Тараптар қазақстандық университеттер мен KU Leuven арасындағы академиялық алмасу перспективаларын талқылады. Өз кезегінде, қазақстандық дипломат Еуропалық Одақтың «Horison Europe»  ғылыми зерттеулер мен инновациялар бойынша бағдарламасы шеңберінде ынтымақтастық орнатуды, сондай-ақ өзге де еуропалық жоғары оқу орындарының үлгісінде Қазақстан аумағында филиал ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, KU Leuven басшылығын Қазақстанға сапарпен шақырды.

Қазіргі уақытта Бельгиядағы қазақстандық студенттердің саны 2017 жылғы 20-дан 2021 жылы 200-ге дейін өсті. KU Leuven «Болашақ» бағдарламасы бойынша академиялық оқуға арналған шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне кіреді (тізімде барлығы үш бельгиялық университет бар). Тараптар білім беру бағдарламалары бойынша байланыс орнатуға, ақпарат алмасуға келісті.

Сол күні М.Баймұхан Лёвен қаласының бургомистрі Мохаммед Ридуанимен кездесіп, екіжақты және өңіраралық ынтымақтастық, смарт-қалаларды дамыту мәселелерін талқылады. Сұхбат барысында бельгиялық әкім KU Leuven университетінің қоғам мен қала инфрақұрылымын дамытудағы жүйе құрушы рөлін атап өтті.

Қазақстандық дипломат Лёвен мэрін Наурыз мерекесі аясында Елшілік ұйымдастыратын алдағы іс-шараларға шақырды. Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ қазақстандық қалалардың бірімен бауырластық байланыстар орнату мүмкіндігін қарастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

***

Бельгиялық Лёвен қаласы Еуропаның академиялық орталықтарының бірі болып саналады. Қала тұрғындарының саны 100 000 адамды құрайды. Лёвенде 170 ұлт өкілдері тұрады.

Times Higher Education World Rankings және QS World University Rankings рейтингтеріне сәйкес, KU Leuven университеті әлемнің 100 үздік университеттерінің тізімінде 45-орында тұр. 2016 жылдан бастап, Reuters мәліметтері бойынша, KU Leuven Еуропадағы ең инновациялық университет атағына ие. Университетте 150 елден 60 мыңнан астам студент оқиды (20% шетелдік студенттер).