
2022 жылғы 10 наурыз, Брюссель – Қазақстан Елшісі М.Баймұхан Бельгия СІМ жаңадан тағайындалған Бас директоры Йерон Кореманмен кездесті.
Тараптар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарының ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы қарашадағы Брюссельге ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Мемлекет басшысы бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды талқылау, сондай-ақ көлік-транзиттік дәліздер мен халықаралық санкциялық шаралары төңірегіндегі қазіргі құбылмалы ахуалдың өзекті мәселелер келіссөздердің жеке тақырыбы болды.
Екіжақты өзара әрекеттесу аясында дипломаттар екіжақты ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бойынша айтарлықтай оң динамикасын атап өтті. Жоғары саяси диалог, белсенді парламентаралық байланыстар, сауда-инвестициялық әріптестік, елдер арасындағы нормативтік-құқықтық базаны кеңейту атап өтілді. Бүгінгі таңда Бельгия қазақстандық нарықтағы ең ірі 10 шетелдік инвесторлардың қатарына кіреді. Атап айтқанда, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, бельгиялық кәсіпорындарға шамамен 10 млрд. евро тікелей инвестициялар келеді. Жоғары білім беру саласында Бельгиядағы қазақстандық студенттердің саны 2017 жылғы 20-дан 2021 жылы 200-ге дейін артты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сімаралық саяси консультациялардың кезекті раундын осы жылдың соңына дейін өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті, сондай-ақ Қазақстан мен Бельгия Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірқатар іс-шараларды белгіледі.