Брюссельде Қазақстан және Еуроодақ делегациялары сауда қатынастарын дамытуды талқылады

Брюссельде Қазақстан және Еуроодақ делегациялары сауда қатынастарын дамытуды талқылады

2022 жылғы 10 наурызда Брюссельде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда конфигурациясындағы ынтымақтастық комитетінің 5-ші отырысы өтті.

Комитет сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру үшін құрылған болатын.

Қазақстандық делегацияны Қазақстанның сауда және интеграция Вице-министрі Қайрат Төребаев, еуропалық тарапты Еуропалық Комиссияның Сауда жөніндегі Бас Директоратының Оңтүстік өңір, Таяу Шығыс, Түркия, Ресей және Орталық Азия басқармасы басшысының орынбасары Тимо Хаммарен бастап келді.

Комитет Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызды салаларын талқылау және ілгерілету үшін тиімді диалог алаңын ұсынады.

Комитет отырысы барысында сауда-инвестициялық ынтымақтастық, ҚР-ЕО Кеңейтілген серіктестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің сауда бөлімін іске асыру барысы, Central Asia Investment Program және Ready4Trade Central Asia жобаларын іске асыру, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, өнеркәсіптік гранттар, мемлекеттік сатып алулар, сондай-ақ ДСҰ аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

5-ші отырысқа қатысу аясында Вице-министр Қ.Төребаевтың Еуропалық Комиссияның сауда жөніндегі бас директораты өкілдерімен, бельгиялық AWEX сауда және инвестицияларға жәрдемдесу агенттігінің басшылығымен және Брюссельдің сауда-өнеркәсіп палатасымен кездесулер өткізді.

ЕО Қазақстан Республикасының сауда және инвестиция бойынша негізгі әріптестерінің бірі болып табылады. Бүгінде ЕО елдерімен сауда Қазақстанның жалпы тауар айналымының үштен бір бөлігін қамтиды. Қазақстандық экспорттың 38,5%-ы ЕО елдеріне тиесілі: 2021 жылы ҚР-ЕО елдерінің тауар айналымы 21,4%-ға артып, $28,9 млрд құрады. Оның ішінде экспорт $23,3 млрд., импорт $5,7 млрд. құрады.

Сауданың оң серпінін сақтау және жеткізілетін тауарлар мен қызметтер номенклатурасын кеңейту мақсатында Қазақстан барлық құны $1,5 млрд құрайтын, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің шамамен 140 атауының экспортын ЕО-ға тасымалдау мәселесін талқылады.