
2022 жылғы 22 ақпан, Бельгия, Батыс Фландрия – Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгияның солтүстігіндегі Батыс Фландрия провинциясында болып, бірқатар қалалардың әкімдерімен және бизнес өкілдерімен кездесті.
Батыс Фландрия ауыл шаруашылығы мен порт инфрақұрылымы басым дамыған ірі провинциялардың бірі болып саналады. Провинция аумағында 13 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, мұнда Бельгияның ең ірі екінші порты Зебрюгге орналасқан.
Штаден және Лихтервельде қалаларының мэрлері Франческо Вандерьюгдпен және Риа Бьюсарт-Паттинмен кездесулер барысында тараптар жергілікті өзін-өзі басқару, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастық перспективаларын және Қазақстанға өңірлік бизнес миссияларын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Аталған қалалардың әкімдері Қазақстанмен мәдени байланысты арттыруға мүдделі және бірқатар бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды ұсынды. Қазақстандық дипломат Бельгияның жергілікті өзін-өзі басқару өкілдерін Наурыз мейрамын тойлау аясында Елшілік ұйымдастыратын алдағы іс-шараларға шақырды. Өңіраралық ынтымақтастықты, сондай-ақ қазақстандық саяси партиялармен партияаралық диалогты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«AlliA Insurance Brokers NV» басқарма Төрағасы Джозеф Лебонмен жеке кездесу барысында компанияның қызметі таныстырылып, фирманың қазақстандық нарықтағы қызметі бойынша нақты ұсыныстар талқыланды. 1979 жылы құрылған бельгиялық отбасылық компания жылдық айналымы 450 млн. еуроны құрайтын екінші ірі сақтандыру компаниясы болып табылады. Сондай-ақ Фламанд аймағындағы Құрметті консулдық қызметін жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Жақын арада қазақстандық және фламандтық іскер топтар арасында B2B кездесулері ұйымдастырылады.
Лихтервельде қаласында М.Баймұхан зығыр тұқымын өңдейтін және зығыр майын шығаратын «Linagro» зауытына болды. Отбасылық кәсіп иесі Мерийн Хаекпен кездесу барысында агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың нақты мәселелері талқыланды. Бүгінгі күні бельгиялық компания бірқатар қазақстандық экспорттаушылармен ынтымақтасуда, 2021 жылы компания құны 50 млн. еуродан асатын 70 мың тоннаға жуық қазақстандық зығыр тұқымын импорттаған.
Бельгиялық импорттаушының айтуынша, қазақстандық зығыр сапасымен және май сығындысының жоғары құрамымен ерекшеленеді. Зауыт өңдейтін шикізаттың 70 пайызы қазақстандық зығырдан тұрады.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны майлы дақылдар нарығындағы жағдаймен және шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық преференциялармен таныстырды. Жүздесу нәтижесінде «Linagro» компаниясының қазақстандық экспорттаушылармен байланыстарын кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстандық статистикалық деректерге сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан зығыр өндіру бойынша әлемдік көшбасшылықты сақтап қалды. 2020-2021 жж. Қазақстан Қытайға, Бельгияға және Польшаға 500 мың тоннадан астам зығыр экспорттады.