Энергетикалық Хартияның Бас хатшысы Қазақстанның «жасыл» күн тәртібіне оң баға берді

Энергетикалық Хартияның Бас хатшысы Қазақстанның «жасыл» күн тәртібіне оң баға берді

БРЮССЕЛЬ, 2022 жылғы 16 ақпан – Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Энергетикалық Хартия Хатшылығының жаңа Бас хатшысы Ги Ленцпен және Бас хатшысының жаңа орынбасары Ацуко Хиросэмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Энергетикалық Хартия Хатшылығы арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланды. Энергетикалық Хартия басшылығы қазақстандық тараптың Энергетикалық Хартияға Шартты жаңғырту үдерісін талқылауға, сондай-ақ энергетикаға инвестициялардың тәуекелдерін бағалауға қатысуына ерекше назар аударды.

Г. Ленц пен А.Хиросэ Қазақстанның халықаралық энергетикалық күн тәртібін ілгерілетудегі маңызды рөлін, сондай-ақ ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқарту және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі күш-жігерін атап өтті.

Г. Ленц Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттікпен (IRENA) және Халықаралық энергетикалық агенттікпен (IEA) қатар Энергетикалық Хартияның да тиімді энергетикалық ауысуға қол жеткізу үшін жеке инвестицияларды ілгерілетуге бірегей үлесін қосу ниетін атап өтті.

Өз кезегінде Елші М. Баймұхан Хатшылықтың басшылығы мен сарапшыларына еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ҚР Үкіметінің негізгі басымдықтары туралы баяндады. Еліміздің ұлттық энергетикалық секторды дамыту мен жаңғырту жөніндегі күш-жігеріне, атап айтқанда 2011 жылдан бастап ҚР-дағы ЖЭК нысандарының саны 23-тен 111-ге дейін өскеніне назар аударды.

Осы тұста, ҚР-ның «SVEVIND» неміс-швед компаниясымен жел және күн электр станцияларын орнату бойынша бірлескен жобалары Энергетикалық Хартия өкілдерінің қызығушылығын тудырды.

ҚР Елшісі Энергетикалық Хартияның жаңа басшылығын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Анықтама: 1991 жылғы 17 желтоқсаннан бастап Қазақстан Еуропалық Энергетикалық Хартияның мүшесі болып табылады. Қазақстан Энергетикалық Хартияға Шартын 1995 жылғы қазанда ратификациялады. 2014 жылы Энергетикалық Хартия жөніндегі конференцияға төрағалық шеңберінде Қазақстан ұсынған бастамалар энергетикалық секторға инвестицияларды ілгерілетуге, транзитке және саудаға, дауларды шешу тетігін жетілдіруге, сондай-ақ Энергетикалық Хартия процесін жаңғыртуға қатысты сындарлы ұсыныстарды қамтыды.