
Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Люксембургте Еуропалық Инвестициялық Банк (ЕИБ) басшылығымен келіссөздер өткізді.
Еуропалық Одақтың Климаттық Банкінің жоғары өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан аумағындағы салалық жобаларды қаржыландыруға қатысу перспективалары егжей-тегжейлі талқыланды.
Қазіргі уақытта ЕИБ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «КОВИД-19» пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарларына қарсы күрес, Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, Орталық Азиядағы өңіраралық ынтымақтастықты ілгерілету, азық-түлік қауіпсіздігінің міндеттерін шешу, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі күш-жігеріне ерекше қызығушылық танытты.
ЕИБ еліміздің «жасыл» дамуының басым бағыттарына, соның ішінде энергия үнемдеу технологияларын енгізуге, қалалық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй секторын жақсартуға, «жасыл» қаржыландыру тетіктерін енгізуге, Арал теңізі аймағындағы экологиялық міндеттерді шешуге және білім беруге ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Елші М. Баймұхан ЕИБ басшылығы мен сарапшыларын «Жаңа Қазақстан» күн тәртібіне сәйкес ҚР Үкіметінің жаңартылған әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Сондай-ақ, 2022 ж. наурызға жоспарланған ЕИБ делегациясының Қазақстанға сапары қарсаңында ЕО институттарымен өзара іс-қимылдың жаңа перспективалық нысандары бойынша пікір алмасты.
Анықтама: 2021 ж. Еуропалық Инвестициялық Банк (ЕИБ) және Еуропалық Инвестициялық Қор (ЕИҚ) рекордтық қаржыландыру сомасы 95 миллиард еуроны бөлді. 2021 ж. қаңтарда ЕИБ Еуропалық Одақтан тыс операциялық қызметті кеңейтуге бағытталған «EIB Global» жаңа бөлімшесін іске қосты. Бүгінде ЕИБ БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті мемлекеттік және жеке секторлардан қаражат тарту үшін катализатор рөлін атқарады.