Еуроодақ астанасында «Томирис» кинофильмінің көрсетілімі өтті

Еуроодақ астанасында «Томирис» кинофильмінің көрсетілімі өтті

Брюссель, 2021 жылғы 14 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бельгияның «СИНЕМАТЕК» кинофестиваль орталығында «Томирис» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Брюссельдегі Елшілігі Франциядағы Қазақстан киноқауымдастығының қолдауымен Бельгия, Люксембург және Франциядағы отандық кино апталығы аясында ұйымдастырды.

Санитарлық шектеулерге қарамастан, көрермендердің қазақстандық киноға деген қызығушылығы жоғары болды, өйткені бұл соңғы екі жылдағы алғашқы офлайн-форматтағы көрсетілім болып табылады.

Іс-шара қонақтарының арасында Еуропалық сыртқы істер қызметінің, НАТО мен Еуропалық Парламенттің, Брюссельдің дипломатиялық корпусының қызметкерлері, ҚР Құрметті Консулы және басқа да ресми тұлғалар болды. Дегенмен, аудиторияның басым бөлігін жергілікті тұрғындар мен қазақстандық диаспора өкілдері құрады, олар тіпті тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму саласындағы жетістіктеріне арналған фотосуреттер көрмесін қызығушылықпен тамашалады.

Іс-шара қонақтарын қарсы ала отырып, Елшіліктің Кеңесші Уәкілі Жандос Бухбантаев Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан экономика, мәдениет және сыртқы саясатта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. «Біз ЕО және Еуропа елдерімен сенімді және өзара тиімді қарым-қатынас орнаттық» деді ол.

Көрсетілім үшін «Томиристі» таңдау кездейсоқ болмағаны атап өтілді – фильм қазақ жерінде өмір сүрген ежелгі тайпалардың бай тарихын айқын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар кино авторларының басты идеясы – қазақ мемлекеттілігін сақтау мен нығайтудағы бірлік пен патриотизмнің маңыздылығы туралы баяндайды.

Қазақстандық киноқауымдастығының жетекшісі Андрей Иванов пен фильмде Томиристің сіңлісін ойнаған актриса Айжан Ирғалиева көрермендерге еуропалық киномандар арасында танымал әрі сұранысқа ие болып келе жатқан заманауи қазақстандық кино өнеріне қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтты.

Бельгия астанасындағы кинофестивальдердің ірі орталығы CINEMATEK-те 1938 жылы Анри Шторк, Андре Тирифейс және Пит Вермейлен негізін қалаған және 180 000-нан астам көшірмелер мен 85000 негативтер қоры сақталған корольдік фильмдер мұрағаты орналасқан.

Кино апталығы аясында 2021 жылғы 15 желтоқсанда Люксембург көрермендері «Кинеполис» залында басты рөлде Канн кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова түсетін «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмін көре алады.