Бельгиялық бизнес Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Бельгиялық бизнес  Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Нұр-Сұлтан, Алматы ққ. – Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің қолдауымен бельгиялық компаниялардың Қазақстанға әртараптандырылған іскерлік миссиясы өтті. Бельгиялық делегацияны «AWEX» Валлония экспорт және инвестиция агенттігінің бас директоры Шанталь Де Блё басқарды.

Бельгиялық кәсіпкерлердің сапарын Бельгияның Қазақстандағы «AWEX Almaty» сауда-экономикалық өкілдігі ұйымдастырды, ол Бельгияның үш аймағы – Валлония, Фландрия және Брюссель астаналық аймағының мүдделерін білдіреді.

Делегация құрамында көлік, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, жол көлігі, өнеркәсіп және химия салаларындағы 11 валон және фламанд компания болды. Олардың ішінде «Ahlers», «CARAH», «John Cockerill», «Solvay», «Hydrometal» және т.б. Үш күндік сапар барысында бельгиялық кәсіпорындар қазақстандық компаниялармен B2B бірқатар келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары қала әкімдіктерінің, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы, Энергетика министрліктері, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАУ) және Алматы технологиялық университеті өкілдерімен кездесулер өткізді.

Бельгия тарапы ауыл шаруашылығына ерекше қызығушылық білдірілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын дамыту және картоп өнімділігін арттыру үшін Қазақстанда жаңа агротехнологияларды енгізу мақсатында Эно провинциясының «CARAH» Бельгиялық агрономия және агроөнеркәсіп орталығы, Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы институты бірлесіп Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бельгиялық кәсіпорындардың Қазақстанға экономикалық миссиясы екі жыл сайын ұйымдастырылады. Мұндай соңғы миссия 2019 жылдың маусым айында 21 кәсіпорынның қатысуымен өтті.

Аталған бельгиялық кәсіпорындардың іскерлік миссиясы барысында Қазақстан Елшілігі «Kazakh Invest» ҰК АҚ-мен бірлесіп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ЕО-ға сапары аясында, «Қазақстан – Бельгия – Люксембург: сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық перспективалары» дөңгелек үстелді ұйымдастырды, оған 20-ға жуық бельгиялық және люксембургтік компаниялар қатысты.