ҚР Бельгиядағы Елшісі мен Антверпен провинциясының губернаторы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады

ҚР Бельгиядағы Елшісі мен Антверпен провинциясының губернаторы екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Антверпен қ., Бельгия, 2021 жылғы 29 қараша – Елші М.Баймұхан Антверпен провинциясына барып, провинция губернаторы Кати Беркспен және «VOKA-Антверпен» сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Люк Лювельмен кездесті. Жүздесулерге Қазақстанның осы өңірдегі Құрметті консулы Джон Ступ та қатысты.

Провинция губернаторы К.Беркспен Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылай отырып, қазақстандық дипломат Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Брюссельге (ү.ж. 25-26 қарашасы) ресми сапарының қорытындылары, сондай-ақ бельгиялық кәсіпорындардың Қазақстандағы іскерлік миссиясының нәтижелері туралы хабарлады. Бельгияның AWEX және FIT аймақтық агенттіктері жетекшілік еткен аталған экономикалық миссияға 11 бельгиялық кәсіпорын қатысты, олар ү.ж. 22-24 қараша аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында B2B форматында бірқатар кездесулер өткізді.

Бұдан басқа бельгиялық тарапқа Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берілді.

Экономикалық дипломатия аясында тараптар порт технологиясы, биотехнология, химия өнеркәсібі және жасыл энергетика салалардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Жасыл экономиканы дамыту сұхбаттың бөлек тақырыбы болды. Бұл тұрғыда сұхбаттастарға Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі, сондай-ақ Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу доктринасының және төмен көміртекті даму стратегиясының қабылданғаны туралы ақпарат берілді. Бельгия да елді кезең-кезеңімен жаңартылатын сутегінің импорты мен транзитінің орталығына айналдыруды көздейтін Стратегияны қабылдады.

Бүгінгі таңда Антверпен контейнерлік тасымал бойынша әлемде 4-ші және Еуропада 2-ші орында тұр, осыған байланысты Бельгия провинциясының басшысы Қазақстанмен халықаралық көлік дәлізі, сондай-ақ байланыстарды дамыту бастамалары аясында көлік-логистикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейту әлеуетін атап өтті.

К.Беркс елдер арасындағы барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өсу қарқынын құптады. Қазақстанның аймақтарына баруға қызығушылық танытты.

«VOKА-Антверпен» сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Л.Лювельмен кездесу барысында қазақстандық елші инвестициялық ахуал, фламанд компаниялары үшін Қазақстандағы экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ халықаралық көлік дәлізі аясында транзиттік өзара іс-қимыл перспективалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Тараптар ү.ж. 26 ​​қарашада Брюссельде жоғары деңгейдегі сапар аясында Қазақстанның Сыртқы сауда-өнеркәсіп палатасы мен Брюссельдің BECI, сондай-ақ «VOKА-Антверпен» сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы қол қойылған ынтымақтастық туралы екі меморандумды қошеметтеді.

3000-ға жуық мүшесі бар және аймақтағы жұмыс орындарының шамамен 66%-ын құрайтын Антверпен сауда палатасының басшысы Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге шынайы қызығушылық танытып, 2022 жылы фламанд кәсіпорындардың Қазақстанға сапарын ұйымдастыруды ұсынды.

Көпжақты бағытта тараптар өңірлік қауіпсіздікті, Ауғанстандағы ахуалды, сондай-ақ Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмегін және БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) Алматыда уақытша орналастыруды және т.б. мәселелерін талқылады.

Кездесулер нәтижесінде Антверпен провинциясының губернаторы мен фламанд кәсіпорындардың Қазақстанға сапарларын ұйымдастыруға қолғабыс көрсету, сондай-ақ Қазақстан облыстары бірінің аталған бельгиялық өңіріне сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Бельгияда 13 сауда палатасы бар, олардың 8-і Фландрияда VOKA атауымен ұсынылған: Антверпен, Брюссель, Лимбург, Мехелен, Шығыс Фландрия, Фламанд Брабант, Батыс Фландрия және ұлттық VOKA.

Voka Фламанд сауда палатасы Фландриядағы ең ірі жұмыс беруші ұйым болып табылады. Бүгінгі таңда VOKA Сауда-өнеркәсіп палатасы Фландрия мен Брюссельдегі 18 мыңнан астам компанияның мүддесін қорғайды. Осылайша, ол Фландриядағы жеке жұмыспен қамтудың 65% және қосымша құнның 66% қамтиды. Барлығы Voka-ға мүше компанияларда 910 000-нан астам қызметкер бар.