
26 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары аясында ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Дағдарысты басқару жөніндегі Еуропалық комиссар Янеш Ленарчичпен келіссөздер жүргізді. Тараптар гуманитарлық көмек, дағдарысты басқару, өңірлік ынтымақтастық және Ауғанстандағы қазіргі ахуал мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Я. Ленарчич ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Брюссельге алғашқы сапарының, сондай-ақ оның Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Еуропалық Кеңестің Президенті Ш. Мишельмен және Еуропалық Комиссияның Президенті У. фон дер Ляйенмен келіссөздерінің ерекше маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Я. Ленарчич Еуропалық Комиссияның Қазақстанмен климаттың өзгеруі, дүлей зілзалалардың тәуекелдерін азайту және дағдарысты басқару саласында ынтымақтастыққа дайындығын растады.