
Лувен-ля-Нёв қ., Бельгия, 2021 жылғы 15 қараша – Елші М.Баймұхан 1986 жылы құрылған бельгиялық «IBA» протон терапиясы саласындағы ұлтаралық компаниясының өкілдерімен кездесті.
Компания салалық бөлімшелерінің директорлары О.Лешенмен, Э.Дайкпен және Д.Эльнуртпен кездесу барысында бельгиялық тарап Қазақстанмен онкологиялық ауруларды диагностикалау және протон терапиясымен емдеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірілді. Протон терапиясы сәулелік терапияның ең озық түрі ретінде қарастырылады және ісіктерді сәулелендіру үшін жоғары энергиялық протондарды қолданудан тұрады.
Э.Дайктың айтуынша, әлемде 100 000-нан астам пациент «IBA» протонды терапия орталықтарында емделген. Осы жылдың маусым айында компания «B Corp» сертификатын алды, бұл компанияның әлеуметтік және экологиялық қызметтің жоғары стандарттарына, қоғамдық ашықтық пен заңды жауапкершілікке сәйкестігін көрсетеді.
Бүгінгі таңда Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей және басқа қалалардағы көптеген ғылыми-диагностикалық орталықтар протондарды алудың ең қарапайым және тиімді әдісі болып табылатын «IBA» циклотрондарымен жабдықталған.
Бельгиялық тараптың айтуынша, «IBA» компаниясы қазақстандық ұйымдарға протонды терапия, радиофармакология, медициналық жабдықтарды зарарсыздандыру және дозиметрия бойынша қызмет көрсетуге дайын. Сондай-ақ, олар Қазақстанның Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығымен және басқа да медициналық және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Келесі уағдаластықтарға қол жеткізілді: Елшілік «IBA» өкілдерінің Қазақстанға іскерлік сапарларын ұйымдастыруға жәрдемдеседі, бельгиялық компания ү.ж. қарашаның соңында Брюссельде өтетін «Қазақстан – Бельгия – Люксембург: сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық перспективалары» атты дөңгелек үстелге қатысады.
Тараптар жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.
IBA (Ion Beam Application) – бельгиялық ұлтаралық компания, протонды терапия саласындағы көшбасшы. Компания онкологиялық ауруларды диагностикалау/емдеу үшін жоғары технологиялық жабдықты шығарады және қарқындылығы модуляцияланған протонды терапия үшін жабдықтар мен қызметтердің толық спектрін ұсынады. Компания айналымының 10% ҒЗТКЖ-ға инвестицияланады.
Компанияның әлемнің 40 елінде 1500-ден астам қызметкері бар. IBA қызметі төрт бағытқа бағытталған: өнеркәсіптік шешімдер, радиофармакология (Radio Pharma), протонды терапия және дозиметрия.