ҚР сауда және интеграция министрінің Брюссельге сапары туралы

ҚР сауда және интеграция министрінің Брюссельге сапары туралы

БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 15-16 қараша– Брюссельге екі күндік жұмыс сапары барысында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сауда-экономикалық қатынастарды және Қазақстанның Женевадағы ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясында (МК-12) төрағалығын талқылау мақсатында Еуропалық Одақтың ресми тұлғалары мен парламентарийлерімен, сондай-ақ бельгиялық бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Еуропалық комиссияның Атқарушы Вице-президенті Валдис Домбровскиспен келіссөздер барысында тараптар екіжақты сауда қатынастарының, «жасыл экономиканың» ілгерілеуін және ДСҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.

Б.Сұлтановтың пікірінше, ҚР-ЕО сауда көлемінің пандемияға қарамастан өсуіне қарағанда, ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) экономикалық қатынастар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда.

В.Домбровскис өз кезегінде КӘЫК әлеуетін денсаулық сақтау, жасыл экономика және ауыл шаруашылығы нарықтарын бірлесіп дамыту үшін пайдалануға шақырды. Тараптар сондай-ақ ДСҰ-ны реформалау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Еуропалық Парламенттің Халықаралық Сауда Комитетінің (ЕП) төрағасы, ДСҰ Парламенттік конференциясының қатысушысы Бернд Лангемен кездесуі кезінде ДСҰ-ның пандемияға қарсы шаралары және МК-12 конференциясындағы қазақстандық төрағалықтың басымдықтары талқыланды. Қатысушылар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Брюссельге алдағы сапарының ҚР мен ЕО арасындағы өзара қарым-қатынастарды нығайту үшін ерекше маңыздылығын атап өтті.

ЕП-дегі ЕО-Қазақстан» достық тобының басшысы Рышард Чарнецкимен өңірлік күн тәртібі, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастарды ілгерілетудегі парламенттік дипломатияның өсіп келе жатқан рөлі жөнінде пікір алмасылды. Тараптар ЕП комитеттері мен кіші комитеттері деңгейінде тұрақты кездесулер ұйымдастыру, оның ішінде саяси топтар арасындағы байланыстарды қолдау туралы уағдаласты.

Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) Бас хатшысы Кунио Микуриамен кездесуде осы халықаралық құрылыммен ынтымақтастықты тереңдету перспективалары және қоғамдық денсаулық сақтау дағдарысының салдарын еңсеру жөніндегі сауда саясатының тиімді шаралары талқыланды.

Б.Сұлтанов аса маңызды дәрілік заттар мен вакциналарды трансшекаралық тасымалдау саласындағы ынтымақтастық қажеттігіне назар аударды. ДКҰ басшысының ақпараты бойынша, ұйым қазіргі уақытта үздіксіз жеткізілімдерді қамтамасыз ету стандарттарын әзірлеуде. Сондай-ақ, «Шығыс-Батыс» бағытындағы транзиттік әлеуетті, атап айтқанда ЕО және қытай теміржол терминалдарын байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту мәселелері қозғалды.

«Tessenderlo Group» штаб-пәтеріне сапары барысында компанияның бас директоры Люк Так қазақстандық делегацияны топтың және оның құрамына кіретін компаниялардың қызметімен егжей-тегжейлі таныстырды. Б.Сұлтанов ЕАЭО бірыңғай тауар өткізу жүйесінің (ЕТПС) және ОА елдерінің тірек нүктелері ретінде қызмет ететін шекара маңындағы индустриялық сауда-логистикалық хабтар желісін іске асыру жөніндегі жұмыс туралы ақпаратпен бөлісті. Осыған байланысты қазақстандық тарап ЕТПС базасында ынтымақтастық бағыттарын қарастыруды ұсынды.

Жалпы, сапар екіжақты сауда-экономикалық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ жаһандық алаңдардағы өзара іс-қимылды талқылауға көмектесті.

Анықтама: 2021 жылғы қаңтар-тамызда ҚР мен ЕО арасындағы тауар айналымы 19,2 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 15,6% - ға жоғары(16,2 млрд. АҚШ).